Шу аудандық желілік полиция бөлімінде кездесу өтті. Жиында Шу қаласындағы «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінің имамы, Шу аудандық ДАТТ-ның мүшесі Бақыт Нұрлыханов Діни радикалдық көзқарастың пайда болуының басты екі себебін түсіндірді.
"Біріншісі, діни сананың қалыптасып үлгермеуі деп айта аламыз. Екіншісі, Орталық Азия аумағына сырттан енген діни радикализм идеологиялары. Діни-радикалды көзқарасты жақтаушылар әу бастан өздерінің агрессияшыл іс-әрекеттерімен көзге түседі. Алдымен олар дінге сенуші басқа азаматтардан ұлттық салт-дәстүрге сай келмейтін киім кию үлгісі, жүріс-тұрысы сияқты сыртқы келбетінің өзгешелігімен ерекшеленеді. Радикалданған адам дәстүрлі ұлттық рухани құндылықтарды, қалыптасқан жергілікті діни тәжірибені жоққа шығарып, мойындамайды. Соның салдарынан радикалданған азаматтар қоғамдағы әлеуметтік-рухани, экономикалық-саяси өмірден баз кешіп, жат идеологияның қолшоқпарына айналып жатады. Олардың мұндай әрекеттері дәстүрлі дінді ұстанушы азаматтарға кері әсерін тигізетіні түсінікті. Осыған орай, азаматтардың радикалдануына жетелейтін факторларды анықтап, олардың алдын алу жолдарын қарастыру қажеттілігі туындап отыр" - дейді маман өз сөзінде.
Шу қалалық «Жәми» мешітінің баспасөз қызметі.