Қордай ауданында Қарасай, Сортөбе, Масаншы, Ауқатты, Еңбек, Күнбатыс 2, Қарасу, Өтеген, Нұрлысай, Қаракемер ауыл мешіттерінің жамағатының бас қосуымен наурыз тойы аталып өтті.
Ұлтты ұйыстырған дүбірлі шарада гір тасын көтеру бойынша сайыс жасалды. Білекті бірді жығар мықтыларға Алланың Кәләмі Құран Кәрім сыйға тартылды. Сонымен қатар ауданның бас имамы Асқар Зәкіржанұлы көпшілікке "Бейбітшілік пен келісім" турасында насихат айтты.
Жиынның басты көрігі Қаракемер ауылында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарып келген бүгінгі зейнеткер Садық имамға аудан имамының атынан алғыс хат табысталып, иығына шапан жабылды. Ал жұбайына ақ жаулық пен комзол кигізілді.
Шара соңында Қаракемер ауылдық мешітінің имамы Тауыпалды Данияр мырзаға ауыл тұрғындарының сыйлығы автокөлік кілті табысталды.
Қариялар бата беріп, көпшілік елдің тыныштығы, ұлттар достығы мен халықтың амандығы үшін дұға жасады.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі