Бүгін қасиетті жұма күні Шу аудандық "Төле би" мешітінің бас имамы Аят қажы Дыбысұлы ауданға қарасты барлық дін мамандарымен онлайн жиын өткізді. Жиналыста аудан имамы ауыл молдаларына бүгіннен бастап жұма намазы оқитынын жеткізіп, арнайы карантиндік шараны баса назарға алды. Атап айтатын болсақ, мешітке келуші жамағат бетпердемен және барынша өз жайнамаздарымен келуі, мешіт ішінде ара-қашықтық сақтау, қолға медициналық қолғап, мешіттің алдында арнайы анетисептик құралдары, термометр құрылғысының болуы сол сияқты маңызды мәселелер қамтылды.
Жиынға қатысқан дін мамандары естіген жаңалықтарына қуанып, сақадай сай екендерін жеткізді.
Сонымен қатар, аудан имамы Аят қажы Дыбысұлы алғашқы жұма намазын "Бірлік" мешітінде өткізді. Жұманы сағынған көпшілік қуанышпен мешітке жиналып, аудан имамының насихатын тыңдады.
Сондай-ақ аудандық мешітке қарасты барлық ауылдық мешіттерде жұма намазы оқылып, қайырымды жұма акциясы аясында 4 мешіт имамдарының ұйытқы болуымен 1 тай 3 қой сойылып, еттері 20 отбасына таратылып, 1 көп балалы отбасына 1.5 тонна көмір түсірілді.
Талғат Кәрібайұлы
Шу аудандық "Төле би" мешітінің баспасөз қызметі