Байзақ ауданы Көкөзек ауылында Тайқазан жобасы жалғасын табуда. Қазіргі кезде індетке байланысты елдің үстіне ауыртпалық түскені белгілі. Осындай қиын кезде ауылдық округтен шыққан кәсіпкер Жантаев Асылбектің демеушілігімен тұрмысы төмен, көп балалы, жалғызбасты аналарға, мүмкіндігі шектеулі мүшесі бар 25 отбасыларға азық-түлік таратылды. Әр отбасыға 1 қап үн, 5 кг күріш, 5 кг макарон өнімдері, 4 литр май мен конфет өнімі таратылды. Жалпы қайырымдылық көмекке жұмсалған қаржы 235 мың теңге болды.
Игі шара барысында туған жерге қайырымдылық жасап, әр уақытта жомарттық танытып жүрген кәсіпкерге барлық отбасылар ақ батасын беріп, ізгі тілектерін білдірді. "Жантай ата" мешітінің имамы Бекжан Жумагулов қайырымдылық үлкен сауапты іс екенін, жақсылық жасаса екі есе қайтатынын айтып: "Осындай кіндік қаны тамған жерге, маңдай тері тамып жүрген азаматтар көбейіп, бүгінгі ізгі амалдар қабыл болсын," - деген тілегін білдірді.
Байзақ аудандық мешітінің баспасөз қызметі