Тараз қалалық орталық «Кеңесхан қажы» мешітінде "Әжелер алқасы" құрылды. Жастарға үлгі-өнеге беру мақсатында бас қосқан ұйым 13 ақ жаулықты апа-әжелерімізден тұрады.
Қалалық "Кеңесхан қажы" мешітінің ұстазы Жібек Болатбекқызының ұйымдастыруымен аталған "Әжелер алқасының" мәжілісі болды. Жиын барысында көпті көрген әжелеріміз, басынан өткен жағдайларды айтты. Келін мен енеге, жас отбасыларға қатысты мәселелерді қозғады. Облыстық "Әжелер алқасының" төрайымы Жәмиля Жұмабаева апаларға ұйымның құрылуының мақсатын толығымен түсіндірді.
Ал ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлжан Алдасаева қазіргі таңда ажырасу статистикасының жоғарылағанын, соның себебі дұрыс тәрбие бере алмауымызда екенін айтып өтті. Ақ жаулықтылар баталарын беріп жиынды аяқтады.
"Кеңесхан қажы" мешітінің баспасөз қызметі