Мұхаммед ибн Қайыстың айтуынша, Абдуллаһ ибн Омарға, дастарқан басында пақырлармен бірге отырмаса, ас батпайтын. Түскі және кешкі асқа айналасындағы жетімдерді де шақыратын.
Бір күні түскі ас ішерде, бір жетімді шақыртыпты. Алайда ас ішер кезде, оны таба алмай қалады. Тамақ ішіп болған сәтте, әлгі жетімнің де қарасы шалынды. Абдуллаһ ибн Омар қолындағы шәрбатты оған ұсынып: «Сен мынаны іш, өте дәмді», – деді. Ол шәрбатты басына бір-ақ көтерді.
Бұл туралы Мәймун ибн Михранның айтқан риуаяты Мәймун ибн Михран былай дейді: «Ибн Омардың әйеліне «жолдасыңа жақсы қарамай жүрсің», – деген шағым айтылды. «Қарт кісіге жақсы қарасаң болады ғой», – деді. Әйелі налып: «Менің қолымнан не келер дейсіңдер, тамақ әзірлесем болды, үнемі біреулерді қасына ертіп келеді. Көбіне өзі аш қалады», – дейді. Бірде Ибн Омардың әйелі өзінше қулық ойлайды. Жолдасы мешіттен шығып кеткен кезді пайдаланып, пақырларға тамақ беріп, тойдырып жібереді.
Оларға: «Ибн Омар сіздерді үйіне шақырған кезде келмеңіздер», – деп ескертуді де ұмытпайды. Ибн Омар мешіттен шығып үйіне келген соң: «Пәлен кісілерді үйге шақырыңдар», – деді. Алайда Ибн Омардың әйелі оларға алдынала ескертіп қойғандықтан, шақырған адамдардың ешқайсысы келмей қалады. Көңілі пәсейген ибн Омар: «Бүгін менің тамақтануымды қаламай тұрсыңдар ғой, сірә», – деп, шынымен сол күні нәр татпады».
asyldin.kz