Ансардың жомарттығы

Ансардың жомарттығы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Әбу Һұрайраның (р.а.) риуаяты бойынша, мұсылмандардың бірі Алла нәбиіне (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) келіп: «Уа, Расулаллаһ! Мен сілкіп салар тулағы жоқ сіңірі шыққан пақырмын», – деді.

Сонда Пайғамбарымыз жарына оны құр қол қайтармауын әмір етеді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жары: «Раббымның атымен ант етемін. Үйде қара судан басқа ешнәрсе жоқ!», – деді. Алла елшісі екінші жарына хабар салады. Ол да үйде тіске сыздық қылар нәр қалмағанын айтады. Сонда Пайғамбарлар пайғамбары: «Мына адамды бүгін кім қонақ ете алады?», – деді.

Ансардың бірі орнынан тұрып: «Мен қонақ ете аламын», – деді. Үйіне келіп әйеліне: «Үйде ішіп-жейтін не бар?» – дейді. Сахабаның әйелі: «Тек балаларға ғана жететін азық бар», – деді. Сонда ансар: «Сен балаларды ертерек жатқыз. Не бар, соның бәрін дастарқанға әкел. Қонақ дастарқанға жақындағанда, шамды бір ыңғайын келтіріп байқаусызда өшіріп алған бол. Қараңғыда кімнің тамақтанғандығы, кімнің ауыз тимегені белгілі бола қоймас. Келген қонақ та бізді өзімен бірге тамақ алып отыр екен деп ойлап қалсын», – дейді.

Келген қонақтың ішіне ел қонып, әл жинап алады. Алайда сол түні үй иелері аштықтан бұратылып, көрер таңды көзбен атқызды. Таң атып әлгі қонақжай ансар Пайғамбарымызға жолыққанда екі әлем Сардары (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оған: «Алла тағала жасаған игі амалыңа разылық танытты», – деді. Осы оқиғаға орай «Сондай-ақ өздері таршылықта бола тұра, оларды өздерінен артық көреді» (Хашыр, 59/9) – деген аят түскен еді.

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: