Тараз қаласына қарасты Жамбыл Жабай мешітінің жаңа іргетасы қаланды. 2014 жылы Шалғай Қарасу елдімекенінің тұрғындары бірігіп Жамбыл Жабай ескі мешітін салған болатын. Алайда мешіт ескіріп, дәрет алатын орындары қарастырылмағандықтан келген көпшілік жаурамай құлшылығын қылсын деген мақсатта Жамбыл Жабай мешітінің жамағаты жаңа мешіт құрылысын бастап кетті.
Мешіт іргетасын қалауға Тараз қалалық орталық «Кеңесхан қажы» мешітінің наиб имамы Егизбаев Алмуханбет, Тараз қалалық «Рахман Рахим» мешітінің наиб имамы Миразизов Нұрматжан мен «Әулие ата» мешітінің имамы Баймаханов Ораз арнайы шақырумен келді. Іс-шара барысында Құран оқылып, елдің тыныштығы мен келер ұрпақ болашағын сұрап қариялар бата берді.
Құран Кәрімде Алла Тағала мешіт салу туралы былай дейді: «Алланың мешіттерін тек Аллаға, Ақырет күніне иман келтіретін, намазды толық орындап, зекет беретін, Алладан басқадан қорықпайтын жандар ғана жандандырады. Әрі солар тура жолдағылардан болар».
"Кеңесхан қажы" мешітінің баспасөз қызметі