Имамдық қызмет - көпшілікке рухани бағыт-бағдар берумен қатар, барлық жан-жақтылықты талап ететін жауапкершілігі мол мамандық. Өйткені, оның діни ілімімен қатар, басқа саладағы білімі, көшбасшылық қабілеті, тұлғасы, әдеп-ахлақы түгел ел назарында, көпшілікке үлгі.
Елімізде жыл санап білікті дін мамандарының қатары артып келеді. Сонымен қатар, діни хал-ахуал да жақсарып, руханиятымыз жандануда. Осыған орай, ҚМДБ-ның Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы өңір имамдарына алғыс білдірді.
Бүгін қала, аудан имамдарының жиналысында ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзегелдиев бірнеше дін мамандарын Бас мүфтидің алғыс хатымен және "Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдығы" медалімен марапаттады.
Оқ бойы оза шығып, ерекше белсенділік танытытқан үздік имамдардың қатарында "Һибатулла Тарази" мешітінің іс басқарушы Халид Хожахметов, Шу ауданының бас имамы Аят Алмаханов, Жамбыл ауданының бас имамы Ғарифолла Қуанышбекұлы, Жуалы ауданы Қайрат ауылы Қайрат мешітінің молдасы Саурамбек Сарыпбековке төсбелгі тағылса, ҚМДБ "Халал даму" бойынша Жамбыл облысындағы өкілі Нұрматжан Миразизов, Меркі ауданының бас имамы Батырбек Қасымалиев, Т.Рысқұлов аудандық Сұлтан мешітінің бас имамы Джадыраев Сұлтаншәріп, Жуалы ауданы, Жуалы мешітінің имамы Сейітқазы Медетбеков, Талас ауданы Ақкөл ауылы Ақкөл мешітінің молдасы Сейдхамилидин Амиров алғыс хат алды.
Сонымен қатар аудан бойынша жасаған жұмыстары бойынша алға шыққан Жамбыл ауданының бас имамы Ғарифолла Қуанышбекұлына демалыс орнына сертификат сыйға тартылды.
Бас имам жасалған барлық нәтижелі жұмыс үшін алғыс білдіріп, мамандарды жігерлендірді. Жиын соңында ел амандығы мен өркендеуі үшін дұға жасалды.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі