#Аудан имамы Жамбыл ауданының құрметті азаматы атағын алды

#Аудан имамы Жамбыл ауданының құрметті азаматы атағын алды

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Елімізге танымал жазушы Спандияр Көбеев "Елге сіңірген еңбек жақсы. Еңбекті елеген ел жақсы" деген. Маңдай тері мен сүйіп жасаған еңбек бағаланса, адамның мерейін өсіріп, құлшынысы арттыратыны сөзсіз. 

Ел игілігі үшін тынбай еңбек етіп жатқан ел ағаларының ішінде имамдарды айтпай кетпесе болмас. Соның бірі - Ғайырфулла Қуанышбекұлы. Имамға бүгінде "Жамбыл ауданының құрметті азаматы" атағы берілді. 

Дін жолындағы қызметін 21 жыл бұрын бастаған маман бүгінде Жамбыл ауданының бас имамы. Бұл өңірде жұмыс жасап жатқанына 16 жыл толған имамды барлық тұрғындар жақсы біледі.  

Ғайырфулла Әмірбеков аудандағы діни ахуалдың реттеліп, сауаттылықтың артуына зор еңбек сіңірді. Ол асыраушысы жоқ, жетім-жесірлерге, тұрғын үйге мұтаж отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетуден танған емес. Бұрын құжаттары болмаған бірнеше мешіттің құжатын қайта дайындап, заңдастырды. Сауапты іс жасауға құлшына кірісіп, жылдар бойы айналасы ашық-шашық жатқан мазараттарды қоршау жұмысына тікелей ықпал жасады. Табиғи апат оқиғалары болған кезде де, боран мен түнге қарамастан халықтың қасынан табылып, жәрдемін аямаған сәттер ел есінде. Ізгі істі ақыл-парасатымен қолға алып, ауыл әкімімен, ардагерлер кеңесімен, халықпен ақылдасып игі бастамалар көтерді. Аудан бас имамын ауыл тұрғындары түгел құптады, қариялар мен қоғам белсенділері қуаттады, жетпеген жеріне кәсіпкерлер көмектесті. Сайып келгенде, халықтың көкейінде жүген талай мәселе оңынан шешіліп, тартымды тірліктер тиянағын тапты. Елдің разылығы мен бата-тілегін алған имамның еңбегі мемлекеттік органдар тарапынан да еленбей қалмады. 

"Аудан басшылығы осындай шешім қабылдаған екен, көрсетілген құрмет үшін Алла разы болсын! Бұл менің ғана емес, ауданда істеп жатқан барлық имамдардың еңбегі" - дейді сол мамандардың басын біріктіріп нәтиже көрсетіп отырған Ғайырфулла Қуанышбекұлы. 

Имамды жетістігімен құттықтай отырып, Алла алдында да мәртебеңіз өсе берсін дейміз.

Ақерке ШАХРИЗАТҚЫЗЫ

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: