Елордада Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай «Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы» тақырыбында имамдардың IV республикалық онлайн-форумына Жамбыл облысынан 100 дін қызметкері онлайн режимде қатысты.
Әлі де індет жұқтыру қаупі болғандықтан имамдар форумына өңірден ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев ғана арнайы барып қатысып, ал қалған дін қызметкерлері форум жұмысын онлайн тамашалап, жиында қабылданған «Ас беру мәдениеті», «Зират және зиярат мәдениеті», «Зияткер имам» құжаттарымен таныс болды. Аудандар бойынша 50, Тараз қаласы бойынша 50 имам қатысқан шараның мақсаты - мұсылман қауымы арасында ұлттық рухани дәстүрлерге негізделген діни рәсімдер мен жоралардың мәдениетін қалыптастыру және зияткер имам мәртебесіне лайықты дін қызметкерлерін іріктейтін құжаттар қабылдау.
Аталған құжаттар жұртшылық арасында орындалатын діни рәсімдерді бірізділікке келтіруге және зияткер имам мәртебесін беруге лайықты дін қызметкерлерін іріктеуге оң ықпалын тигізбек.
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі