Жамбыл облысының орталық мешіті "Һибатулла Тарази" мешітінде қала және ауданда құрылған "Әжелер мектебінің" жиыны өтті.
Шараға Тараз бен Жамбыл аудандарының ақ жаулықтылары келіп қатысты. Кездесуде аталған құрамның жоспары талқыланып, қоғамдық мәселелер ортаға салынды.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев карантин уақытында, жиын, ауқымды шара жоқ кезде жүзі нұрланып, көненің көзіндей жарқ ете қалған әжелер ортасын көріп қатты қуанғанын жеткізді. Алдағы уақытта байланысты үзбей, бірге жұмыс жасауға шақырды. "Сіздер мешіттен діни білім алдыңыздар. Сол ілімді бір жас отбасының болсын шаңырағын сақтап қалуға, жастарды тәрбиеге шақыруға жұмсасаңыздар, нұр үстіне, нұр болар еді. Ажырасып жатқан отбасыларды жарастырып жіберетін, ақылшы аналар болып, қазаққы дәстүрді жаңғыртасыздар деген сенімдемін" - деп атап өтті.
Ал ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлжан Алдасаева "Әжелер мектебінің" негізгі мақсаты жайлы тілге тиек етіп, рух берерлік сүбелі сөз сөйледі.
Сонымен қатар ұйымның төрайымы Жәмила Джумабаева ұсыныстарын жеткізіп: "Әжелер арасында қолынан өнер тамаған ісмерлер көп. Ұлттық бұйымдар мұражайын қайта ашсақ," - деп тілек білдірді. Ол әрбір апа мәйіт жуу, мирам суы сынды мәселелерді білуі тиіс, осыны қолға алып, үйретуді бастайтынын хабарлады.
Жиынға қатысты Бейбіт Әліпбекұлы "Арай" және "Жамбыл-Тараз" газетінің тілшілерін қабылдады. Журналисттер діни ахуал, құрылған әжелер мектебі жайлы тілдесіп, ақ жаулықтылардың өзімен де сұқбат құрды.
Айта кетейік, "Әжелер мектебінің" мүшелерімен кездескен Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бұл бастамаға шын разы болып, "өңірдің аудандық жерлерінде де осындай ұйым құрылса" деген ниет білдірген болатын. Бас имамның тапсырмасымен, аудан имамы Ғайырфулла Қуанышбекұлының ұйытқы болуымен алғашқы болып Жамбыл ауданы облыстық әжелер мектебіне үн қосты. Бүгінгі жиын осы жаңа құрылған ақ жаулықтылар тобымен танысуға арналған болатын.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.