«Әже – отбасының ғана емес, әулеттің де ұйытқысы, кейінгі жастардың тәрбиешісі».
Облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінде «Әжелер мектебі» бүгінде тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар атқаруда. Осыған орай, Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев аудандық мешіттің ұйытқы болуымен «Әйел-қыздар секторының» жанынан «Әжелер мектебін» ұйымдастаруды тапсырған болатын.
Ауданымыздың бас имамы Ғайырфулла Қуанышбекұлы өңірдегі әжелерді «Бәйдібек» мешітіне шақыртып, «Әжелер мектебі» құрылды. Оның мақсат, міндеттері жолданған тапсырмаға сәйкес орындалу үстінде. "Келешекте жастардың тәрбиесіне ұйытқы болып отырған «Әжелер мектебінің» құзыретін кеңейтіп, жұмысын жетілдіруді жоспарлап отырмыз. ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді демей ме! Алып батырларды да әйел заты тәрбиелеп өсірген. Шаңырақтың ұйытқысы болған осы әжелер тобы жастарға үлгі болып, жөн сілтейтін ақылшы орта, - дейді аудан имамы.
«Әжелер мектебінің» құрамында 12 әже бар. Аудандық «Әжелер мектебінің» төрайымы - Мұсалиева Үміт апа болып бекітілді.
Серік НҰРГЕЛДІ
Жамбыл ауданының баспасөз қызметі