Мәуліт айы берекесімен мерекеге ұласты

Мәуліт айы берекесімен мерекеге ұласты

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Екі дүние сардары Мұхаммед пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние есігін ашқан айы Мәуліт  мерекесіне орай Жамбыл облысында қос-қос қуаныш орын алды

Игі шаралардың басы күллі жаратылысқа үлгі болған адамзаттың асыл тәжі, әр мұсылманның жүрек төрінен орын алған Алла Расулына арнап "Мәуліт жырын" оқудан, салауат-сәлем жолдап, дұға жасаудан басталды. 

Жамбыл облысының рухани жүрегі болған орталық "Һибатулла Тарази" мешітінде ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев бастаған наиб имамдар мен шараға бір ғасырлық тарихы бар көне "Әулие ата" мешітінің имамы Ораз Баймаханов және "Әбу Бәкір ас-Сыддық" мешітінің имамы, қари Қасымжан Бектаев та арнайы келді. Арабша және қазақша мәтінде Алла елшісіне салауат айтып, Құран Кәрім сүрелерін оқып, Жаратушы Алладан еліміз бен жеріміздің амандығын тіледі. 

Шара қайырымдылық науқанымен жалғасын тауып, аталған мерекенің құрметіне 50 отбасыға азық-түлік таратылды. Көпбалалы, жалғызбасты, мүмкіндігі шектеулі, мұқтаж жанұяларға жасалған көмекке жалпы - 345 мың теңге қаражат жұмсалды.

Әр шаңыраққа берілген азық дорбасына ең қажетті өнімдер молынан алынды. Жәрдем алған тұрғындар алғыстарын айтып, разышылықтарын білдірді.

Сонымен қатар Мәуліт айының қарсаңызда Байзақ ауданында бір шаңыраққа тұрғын үй берілді. Іс-шараға облыс имамы Бейбіт Әліпбекұлы арнайы ат артып барып қайтты. Баспана кілті мешіт қызметкері, 5 баланың  әкесі  Арман Көшербаевқа "Асарлатып үй салу" жобасы аясында салтанатты түрде табысталды.

Бас имам Б.Мырзагелдиев өз сөзінде:

Б. Сапарбаевтың тапсырмасы негізінде "Асарлатып үй салу" жобасы арқылы облыстың барлық жерінде жағдайы төмен отбасыларға үй салып берілуде. Оның мақсаты көпбалалы, жағдайы төмен және жалдамалы пәтерде тұрып жатқан отбасыларға  қуаныш сыйлау," - деп атап өтті.

Шашу шашып, қоныс тойын тойлаған шаңырақ Аллаға сансыз шүкір айтып, көпшілік жақсы бата-тілектерін жолдап, дұға жасады.

Шарапаты мол айда ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен әлеуметтік желіде "Пайғамбарға сағыныш" атты викториналық ойын ойнатылды. Ең әуелі "Салауат айтудың маңызы", "Мәуліт мерекесін атап өту дұрыс па?" сынды тақырыпта насихат айтылып, сұраққа жауап береген үздік 4 жүлдегерге ақшалай сыйлықтар, ал қалған сауалға жақсы жауап берген оқырмандарға кітаптар тарту етілді.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: