Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп өскен қазақ баласымыз. Халқымызда "ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең" деп жасы кішілер оларға құрмет көрсеткен. "Төріңнен қарт кетпесін" деп, той-томалақты батасыз бастамаған, қариялардан бата алуға тырысқан.
Осы үрдіс бойынша қазіргі кезде біздің мемлекетімізде қарт кісілерге үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты қамқорлық жасалуда. 1 қазан – Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай Меркі аудандық Меркі ата мешіті де ауыл қарияларына арнап ақ дастархан жайды.
30 шақты ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелердің басын қосып, құрмет көрсетіп, игі тілектерін жаудырған шарада қариялар батасын беріп, разылықтарын білдірді.
Сонымен қатар, аудан имамы Батырбек Қасымалиев ардагерлердің үйіне арнайы барып, хал-ахуалын біліп, ғибратқа толы әңгімесін тыңдап, батасын алып қайтты. Аудан имамы қазыналы қарттарға шапан жауып, құрмет көрсетті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Меркі аудандық "Меркі ата" мешітінің баспасөз қызметі