Аллаға шүкір тәуелсіздік тәй-тәйлап елімізде туын желбіреткелі ата дініміз де әр шаңырақтың берекесі болды. Алайда түрлі жат ағымдардың тарап кетуіне байланысты діни сауаттылықты арттыру мәселесі жолға қойылды.
Осыған байланысты мектепте дінтану пәнінен беретін мұғалімдерді де оқыту жұмыстары жасалуда. Бүгін Тараз қалалық Ішкі саясат бөлімі Жастар ресурстық орталығының қолдауымен "Жастар және дін мәселелері" тақырыбында форум өтті.
Жамбыл қонақ үйінде жасалған жиында Һибатулла Тарази мешітінің наиб имамы, АТТ мүшесі Бахтияр Амиреев, "Право" ҚҚ теологы Полат Айжан, "ШАНС" КТӘПҚҚО психологы Қаракөз-Айым Бақдәулетқызы баяндама жасады.
Жастардың діни білімі, мағұлматтарды алу көзі, түсінігі жайлы сөз еткен білікті дін маманы Бахтияр Амиреев дінтану негіздерін жүргізгенде оқушыларға іргетасы боларлық нақты маңызды діни ақпаратты жеткізу - адасушылықтың алдын алатынын айтты. Бала санасында ата дініміз жайлы дұрыс түсінік пен бастапқы негізгі сенім, ғибадат, мінез-құлыққа байланысты ілім болса, теріс бағытпен ара-жігін айыру оңайға соғар еді, - деп түсінік берді. Сонымен қатар имам жастарға дін мәселесін жеткізу, діни иммунитетті қалыптастыру жоладарын тілге тиек етті.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі