Тікелей эфирде дін тақырыбындағы викториналық сұрақтарға жауап берген жамағат сыйлықтарға ие болды.
Бүгін ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілдігі Һибатулла Тарази мешіті "Қайырымдылық апталығы" аясында instagram әлеуметтік желісінде оқырманмен тікелей эфирде жүздесті.
Эфирге аталған орталық мешіттің наиб имамы Бахтияр Амиреев пен ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлжан Алдасаева шықты. Қайырымдылық, жомарттылық жайында насихат айтып, садақа беру, берілген садақаның қабыл болуы туралы тұщымды үгіт айтқан дін мамандары викториналық ойын да ойнатты.
Жүзден жүйрік шығып, пікірлер бөліміне бірінші болып дұрыс жауап жазған оқырман жүлделі болды. Жамағатқа 10 сауал жолданып, 2 адам 5000 теңгеден иеленсе, 2 кісі діни кітаптар жинағын жеңіп алды.
Әлеуметтік желінің қарқынды дамып тұрған уақытында жамағатпен онлайн кездесу өте тиімді. Ғаламтордан бас алмайтын қазіргі жастардың діни сауатын арттырып, рухани тәрбиесін жетілдіруге бұл да бір үлес.
Айта кетейік, көпшілікке пайғамбарлар тарихы, сенім, ғибадат сынды шариғат шарттарына қатысты сұрақтар қойылған болатын.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі