Бүгін 1 кыркүйек "Білім күні" барлық ұстаз бен шәкірттің төл мерекесі. Осынау айтулы күнде ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша Әйел-қыздар секторының жетекшісі Гүлжан Алдасаева бастаған орталық Һибатулла Тарази мешітінің шәкіттері ардагер ұстазды зиярат етіп қайтты.
Алла «Нахыл» сүресінің 43-аятында: «Өздерің білмесеңдер, білім иелерінен сұрап, үйренуге талпыныңдар!» - деді. Міне, осындай білім иесінің бірі - 40 жыл шәкірт тәрбиелеп, ана тіліміз қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беріп, балалардың жүрегінде отанға деген махаббатын оятқан ұлағатты ұстаз Дүйсенова Сұлушаш Жамалбекқызы.
Зейнеткер ұстазды құттықтай келген мешіт ұстаздары мен шәкірттері бір құшақ гүл мен сыйлығын тарту етіп, бата сұрап, үлкеннің жылы лебізін, өсиетін тыңдап қайтты.
Ислам дінінде адамзат баласына қоятын ең басты талап – білім алу, оқу және іздену. Құран Кәрімнің алғашқы аяты да: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен оқы!..» («Алақ» сүресі) деп басталатыны баршамызға мәлім. Ал осы білімді тынбай үйретіп, жемісін көргенше жетектейтін ұстаздардың орны ерекше екенін елемеске болмас.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі