Аллаһқа шүкір, үстіміздегі жылдың 11 - мамыр күні мүбәррак саналған үш айдың алғашқысы Режеп айына да келіп жеттік. «Режеп», «Шағбан», «Рамазан» барша мұсылман әлемінде қасиетті айларға жатады. Бұл қасиетті күндер мен түндерді біздің тәубе-истиғфар жасауымызға зор мүмкіндік беретін сәттер. Мұсылмандардың күнәларынан арылып, жақсылық пен әсемдікке шынайы және тікелей жол тартуына зор мүмкіндік. Адам ешбір дәнекерсіз өз жан-дүниесімен Ұлы Жаратушыға жалбарынып, Алланы еске алып, тәубе-истиғфар ететін кез.
Үш айдың қасиетті болуы Рағайып пен Миғраж түнінің Режеп айына, Бәраат түнінің Шағбан айына, Қадір түнінің Рамазан айына дөп келуіне тікелей байланысты.
Бұл жайлы Қасиетті Құран Кәрім аяттары мен пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) өмірі мен мүбәрак сүннеттерінен мол мәлімет алуға болады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Рамазан айымен қатар Режеп, Шағбан айларында ауыз бекіткен. Режеп айы кіргенде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Раббым, Режеп пен Шағбан айларын берекелі қыла гөр. Бізді Рамазанға аман-есен жеткізе гөр!» (Ахмад ибн Ханбал, Мүснәд, I/259) деп дұға тілейтін.
Қасиетті үш ай Режеп айымен басталады. Ал Режеп Ислам діні келмей тұрып та құрметті ай болған. Ислам діні келісімен бұл айға деген құрмет күшейе түсті. Мұны қасиетті Құран Кәрімде: «Олар сенен тыйым салынған айда соғысуға бола ма? - деп сұрайды. Сен оларға бұл айда соғысу - үлкен күнә, - де. Ал адамдарды құдай жолынан тайдыру, күпірлік келтіру, Мәсжид-әл-харамда (ғибадат етуге) тосқауыл болу, ол жерден адамдарды қуып шығару - құдай алдында таудай үлкен күнә. Бүлік жасау - кісі өлтіруден де ауыр қылмыс. Олар (мүшрік кәпірлер) сендерді діндеріңнен бездіргенше тоқтамай, сендермен күресе береді. Сендерден кімде-кім өз дінінен безіп, кәпір болып өлсе, оның істеген әрекеттері бұл дүниеде де, қияметте де түкке тұрмайды. Олардың орны - тозақ, онда олар мәңгі қалады» («Бақара», 2/217), - дейді.
Бұл қасиетті айлардың қадірін осы аяттар анық аңғартады.
Режеп айында қасиетті екі түн бар. Айдың алғашқы жұмасы Рағайып түніне, ал жиырма жетінші түні Миғраж түніне сай келеді.
Рағайып түнін «жақсылық пен игілікке толы және аса құнды, ерекше бағалауды қажет ететін түн» деп түсінеміз. Ислам ғұламаларының айтуына қарағанда, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түні адамның жан сарайына шуақ берер амалдар жасап, нұрлы сырларға қанығып, Ұлы Жаратушыға мадақ келтіріп, шүкіршілік жасап, дұға, кешірім тілеп, намаз оқыған.
Бұл мүбәрак түннің ерекшелігінің бірі, «Қасиетті рамазан айының келетіндігінен хабар беруінде. «Режеп, Шағбан, Рамазан» айлары бірінен соң бірі келіп, мұсылмандар өз - өзін қадағалап, біртіндеп тақуалықтың шыңына шыға алады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өзіне қарсы дұшпан болған жабайы тобырмен табанды күрес жүргізген шақта, қасиетті Миғраж (түнгі серуен) орын алған еді.
Миғраж сенімді дерек көздеріне қарағанда Мәдинаға көшпестен бір жарым жыл (621 ж.) бұрын болған. Режеп айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түні пыраққа мініп түнгі сапарда көк жүзінен өтіп, Ұлы Жаратуышымен ерекше суретте қауышып, тікелей байланысқа шыққан болатын.
Қасиетті айлардағы сауапты амал турасында Айша анамыз Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Шағбан айындағы секілді көп ораза тұтқандығын көрмедім», (Мүслім, Сиям, 176)- дейді.
Айша (р.а): Алла елшісі (с.ғ.с.) Рамазанға дейін Шағбан айын толықтай оразамен өткізетін. Сонда мен: «Уа, Расулалла! Шағбан сіз үшін айлардың ең сүйіктісі ме? Сол үшін ораза тұтасыз ба?», - деп сұрадым. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иә, бір жыл ішінде бақилық болатындардың тізімі осы айда жазылады. Сондықтан да менің де ажалымның құлшылық үстінде жетуін қалаймын».
Алланың сүйікті елшісінен не үшін Шағбан айында көп ораза тұтатындығы сұралғанда: «Шағбан - амалдар Алла тағалаға ұсынылатын ай. Мен де амалдарымның ораза тұтқан кезімде ұсынылғанын қалаймын. Шағбан - адамдардың басым көпшілігінің Рамазан мен Режеп айларының ортасында мән бермей кететін ай. Мен ол айды босқа өткізгім келмейді», - деп жауап берген.
Шағбан айының маңыздылығы туралы: Әнас (р.а.) былай дейді: «Алла елшісінен (с.ғ.с.) «Рамазаннан кейін қандай ораза маңызды?», - деп сұралғанда, ол: «Рамазанға құрмет ретінде Шағбан айы», «Қай садақа абзал?», - дегенде, «Рамазан айында берілген садақа», - деп жауап берді» (Тирмизи, Зекет, 28 Ибрахим Жанан, Кутуби Ситта, аудармасы, 9/66).
Мүбәрак Шағбан айының он бесінші түні - Бәрағат кеші. Бұл түнде періштелер жер бетіне түседі, дұғалар қабыл болады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл түннің маңыздылығын былайша түсіндіреді: «Шағбан айының жартысы толған түнді құлшылықпен (мағынасы мен маңыздылығына сай) өткізіңдер. Күндіз ауыз бекітіңдер. Өйткені, Алла тағала күн ұясына батқан шақта: «Кешірім тілеуші бар ма, кешірейін. Рызық сұраушы бар ма, берейін. Ауру-сырқауға ұшыраған бар ма, шипасын берейін» деп таң шапағы атқанға дейін рахымын төгеді».
Сондықтан да бұл мүбәрак айларда Алла тағалаға шүкіршілік етіп, Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) салауат айтуымыз керек. Өйткені, жүрек тек Алланы еске алғанда ғана жай табады. Ал дұғалар сәлем жолдау арқылы қабыл болады. Ұлы Раббымыз Режеп пен Шағбан айларын мүбәрак етіп, Рамазанға амандықпен жетуімізді баршамызға нәсіп етсін.
«Әулие-ата» мешітінің имамы
Ахметжан Керімбек