Исламда уақыттың құндылығы өте зор. Өйткені уақыт - Алла тағаланың адамға берген сыйы. Егер адам уақытының бір бөлігін өткізсе, өмірінің де бір бөлігі кеткені. Кім уақытын ойын-сауыққа арнаса, өмірі де содан аса алмағаны. Сол себепті жалпы мұсылман кісі, әсіресе, жастар уақытын пайдалы нәрсеге арнап, жемісін көруі тиіс.
Ибн Аббастан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Адамдардың көбі - денсаулық пен уақыт нығметінің қадірін білмейді»,-деген. Ал, көңіл бөлмейтін нәрсе - кісінің бір затты өзінің негізгі бағалы бұйымы болса да, болмашы арзан бағаға сатуы яки бір нәрсені білімсіздігі не салғырттығы үшін негізгі құнынан бағалы етіп сатып алуы. Уақыт - қымбат, өйткені оның негізгі бағасы жәннат. Ендеше, оның жұмсалуы не болмаса сатылуы Алла үшін болуы керек. Міне, бұл - нағыз бағасы.
Ал уақыт Алладан өзгеге арналса, онда ол бос ермек, ойын ғана болып, құнының құлдырағаны. Уақыт құндылығы мен дәрежесін Алла тағала Өзінің қасиетті кітабында бірнеше жерде келтірген: «Ағарған таңға, Құрбан айының алғашқы он кешіне серт» ;
«Қараңғылығы басқан сәтте, түнге, Жарқыраған сәтте, күндізге серт» ;
«Заманаға серт. Негізінен адам баласы зиянда. Бірақ сондай иман келтіріп, ізгі іс жасағандар, бір-біріне шындықты үгіттесіп, сабырды үгіттескендер; олар зиянға ұшырамайды» .
Бұл Құран аяттары мұсылманның уақытын жүйелеп, тиімді пайдалануына септігін тигізбек. Бір кісі Ислам әдістемесін (методика) оқып үйренсе, 24 сағат бойы уақытын жүйелеуге қол жеткізеді. Мысалы, ұйықтар алдында қалай жату керектігі, ол кезде не айтатындығы, түн ортасында шошынып оянғанда, дәрет алғанда, тамақтанар алдында, үйінен шыққанда және көлікке отырғанда т.с.с жағдайларда не айту әрі не істеу керектігіне, оның жүйеге келтірілгендігіне көз жеткізеді. Қиямет күні адамнан ең алдымен уақыты мен өмірін қалай өткізгендігі қатаң сұралады.
Әбу Бәрзә әл-Әсләми жеткізген хадисте Алла елшісі (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын): «Қиямет күні құлдан төрт нәрсе жөнінде сұралмайынша, екі аяғы қозғалмайды:
Өмірінде не істегені. Алған білімін қалай жүзеге асырғаны. Мал-дүниесін қай кәсіпен тауып, қайда жұмсағаны. Дене мүшесімен не істегені?» ,-деп айтқаны дәлел.
Ибн Масғұд (Алла оған разы болсын) риуаят еткен басқа хадисте пайғамбар (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) осы мәселеге байланыстымынаны баяндаған:
«Қиямет күні Адам баласы Раббысының құзырынан бес нәрседен сұралмайынша, екі аяғы қозғалмайды:
Өмірін қалай тоздырғаны. Жастық шағын қалай өткізгені. Мал-дүниесін қайдан тауып, қайда жұмсағаны. Алған білімімен қандай амал жасағаны» ,-деген.
Муаз ибн Жәбәл (Алла оған разы болсын) пайғамбарымыздың (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын):
«Қиямет күні құл төрт нәрседен сұралмайынша, екі аяғы қозғалмайды: Өмірін қалай өткізгені. Жастық шағында не нәрсемен шұғылданғаны. Мал-дүниесін қай кәсіппен тапқаны, қайда жұмсағаны. Алған білімімен қандай амал жасағаны жөнінде» ,-дегенін жеткізген.
Жаратушы жаппар иені қуандыратын ізгі істер жасап, өмірден өтсе, оның өмірінің соңы жақсылықпен аяқталғандығы үшін жұмаққа кіргізіледі.
Нұрсұлтан Қалдарханұлы,
Талас ауданының бас имамы.