Жастық шақтың қадірін біл.

Жастық шақтың қадірін біл.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Аса қамқор ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!

 

«Әуелі аят, хадис сөздің басы» демей ме Абай  хакім. Сөз басын Аллаһтың осы аятымен бастасақ, тақырыбты ашар деп ойлаймын.

 

Құранда: «Ол Аллаһ, сендерді болымсыз күйден жаратты, сосын сол әлсіздіктен соң күш-қуат берді. Сосын әлсіздікпен  кәрілікте күш-қуатыңды қайта алды», - деген аят бар. Осы аятта Аллаһтың айтып отырған күш-қуаты - ол жастық, адамның қажыр-қайраты артып, ойының тұнық та сергек болған кезеңі. Осы кез адам өмірінінде күннің көтеріліп келе жатқан шуағы тәрізді. Ол таң сәресіндегі күннің сәулесі тәрізді, келешекке мақсат қойған, сол арманына жету үшін бойы шабытқа толы, адам ойлау сезімінің толықсыған кезеңі. Жастық ол адам өмірінің  шырқау шыңы, міне сол үшін де қиямет-күні адам өмірін қалай сүргендігі туралы сұрау болған кезде, ең әуелі сен жас күнінде не бітірдің  деген сауал міндетті түрде қойылады.

 

Пайғамбарымыз С.Ғ.С.ол туралы:»Қиямет күні әрбір құлдан төрт нәрсе сұралмайынша ол тұрған орнынан қозғалмайды. Бірінші, ол өмірін қалай өткізді? Екінші, жас күнгі күш-қайратын қайда жұмсады? Үшінші, ол білген біліміне қайсысына  амал қылды?  Төртінші, ол нәсібесін қалай тапты және қайда жұмсады?» - деген хадисі бар.

 

Аллаһ Тағала Құранда жастық жігерін ізгілікке, адамзаттың екі дүниесіне қайыры тиетін істерге жұмсаған пенделерін үлгі қылады. Пұт-парсатқа сиынып, рухани азғындаған елін, жастығына қарамастан Аллаһқа және адамгершілік қағидаларына шақырған  Ибраһим Ғ.С, әке-шешеге мойынсұну, үлкен кісілерге құрмет жасау тұрғысында үлгі болған Исмайл Ғ.С, өзінің арын қорғап, салауатты өмір сүруге өнеге болған Юсуф Ғ.С, жас өмірлерін шынайы сенім қалыптасу үшін құрбан қылған «Кәһф» сүресінде айтылған үңгір жастары... Осы сияқты мысалдар Құранда көптеп кездеседі. Олардың қиссаларын толықтай оқысаңыз өз алдына бір ғибрат. Алайда, бізде осы жастық туралы түсінік ақсанқырап тұр. Оның негізгі себебі әлбетте діннен алшақ қалып, ата-бабамыздың бойында болған иман тәрбиесінің бүгінгі күнде жоғалтып алу себебінен болып отыр.


Жастарымыздың басым бөлігі (әлбетте, бәрі емес, көпке топырақ шашуға болмас) күші тасыған, ой-өрісі дамыған, нағыз сауап іздейтін кезеңдерін  бос жіберіп жүр.

 

Дінмен, өнер-ғылыммен, елге пайдасы тиетін кәсіппен, спортпен шұғылданып, салауатты өмір сүрудің орнына, ішкілікке әуестеніп, нашақорлыққа үйір болуы тағы бар. Елдегі үкіметіміздің арнайы жастарға  арналған саясаты осы өнер мен білімді көтеру, ол үшін әрбір Қазақстан азаматына өнер-ғылым үйрену үшін жол ашық. Ол үшін бар болғаны Аллаһтың берген жастық қайратын, ой-жігерін аямаса болғаны емес пе?

 

Өкінішке орай, біздің  елде өмірден не себебі екендігі белгісіз түңілген жастарды көп көреміз. Оған статистика бойынша, жан санына шаққанда, жастар арасында өз-өзіне қол жұмсаудан Қазақстан әлемде бірінші орынға шығып отыр. Оның айғағын біз кішігірім мекендеген ауылдарымыздың өзінен көріп отырмыз. Сондағы өзінің құнды өмірін қиюына болмайтын ғана себептер, бірі әке-шешесімен араздасқан, бірінің әйелі тастап кеткен, бірінің қызы, бірінің жігіті қарамай кеткен т.б. осы сияқты жайттар.

 

Шариғат ұғымында суицид (өз-өзіне қол жұмсау) - ол  ауыр күнә. Өз-өзіне қол жұмсаған кісі тек ғана дүниесін ғана емес, ахиреттегі мәңгі өмірінде тас-талқан қылады. Өзін мәңгі тозақ отыны болуына кіріптар етеді. Өйткені Аллаһтың аманатқа берген жанын алу тек қана Аллаһтың ісі.  Аллаһтың аманатқа берген жанын қию өз алдына кешірілмес күнә, ал сау денесін ішкілікпен, темекімен, нашақорлықпен талқанын шығару қиямет күні сұраусыз қалатын нәрсе емес. Аллаһтың сап-сау берген ағзасын жас күнінде күтіп баптаудың орнына, шұрық тесік қылып әкелсек, онымен Аллаһ біздің  «бетімізден сүйеді»  деп айту бекершілік.

 

Қазіргі жасөспірімдер арасындағы қылмыстың өршуі, алақандай ауылымыздың өзінде жастар арасындағы бұзақылықтың  көбеюі, топ-топ болып төбелесуі, бірі-бірін өлімше ғып сабауы, тіпті бірі бірін өлтіруге дейін баруы, әлбетте жас кезінде тасыған күш-қуатын бағалай алмағандығы. Ақыры біреуі біреуінің қолынан жазатайым өліп, не болмаса істі болып жас өмірін темір қапаста өткізу оның өзінен басқа ешкімге зиянын әкелмейді. Ахирет күні «Жастық шағыңды қалай өткіздің?» деген сұраққа жауап бере алмай терлейтіндігі тағы бар. Қазірде жастар арасында жастықтың желігімен ішіп алып көлік жүргізіп, жол апатына ұшырап, өзінің және өзгенін өмірін қиған фактілер жетерлік. Олар да өз өмірін негізсіз өткізді. Артынан ең болмаса сауап жолдап тұратын өнегелі ізі, не сөзі қалмады. Аллаһтың алдында жауабын қалай беретіндігі де беймәлім.


Адам жас өмірін өнер-ғылымға жұмсамай, «шырылдауық шегіртке» тәрізді, ойран-асыр, той-думанмен өткізсе, отызында орда бұзбақ түгілі, күшенсе де қырқында қамал ала алмайды. Ол өзінің ең қуатты кезеңің бос өткізеді. Сол үшін де атамыз қазақ айтады «Болар бала он алтымда баспын дер, болмас бала жиырма бесте жаспын дер».

 

Аллаһқа шүкір, егеменді елімізді іргесі бекіп келеді. Дініміз, тіліміз иелігімізге тиіп, арқамыз кеңіп қалды. Қазіргі жастарға діннің де өнермен білімнің де есігі ашық. Ауылдық жерлерге мешіттер соғылып, дін үйіңіздің іргесіне келді. Шетелдің ең үздік оқу орнында оқып келем десең де, өнер-білімнің есігі ашық. Осы күнді күні кеше өткен ата-бабаларымыз армандап өткен. Қазіргі жастардың уақыты дін үйреніп, өнер-білімге құштарлық  танытанын кез. Жастар өз күңін күйтеген өзімшіл, нәпсінің құлы емес, Құран аяттарында сипатталғандай иманды, ел қажеттілігіне жарайтын ізгі істер қылатын тұлға болып қалыптасуы тиіс. Сол кезде ғана олар қиямет күні Аллаһтың сауалына ұялмай жауап бере алады.

 

Қазіргі күнде дін саласында ел үкіметіміздің қолдауымен атқарылып жатқан істер жетерлік. Соның  бір қатары  Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Тараз қаласындағы «Һибатулла  Тарази»  медресесі. Ол медресеге 11-сыныпты бітірген  17-25 жас  арасындағы ұл балалар   қабылданады. Осының бәрін алыс көрсеңіздер, өзіміздің  ауылдық  мешіттерінде де жаз мерзімінде тегін діни сауат ашу курсы жұмыс істейді. Аллаһты танимын, елге пайдамды тигіземін дегендерге біз қолымыздан келетін жәрдеміңізді аямаймыз. Дінге, өнер мен ғылымға құштар болып, жауқазындай жайқалған жас өмірімізді қор қылмайық ағайын!

 

Алмас Кенжемолдаев,
Жуалы  ауданының бас имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: