Аса қамқор ерекше мейірімді Аллаһтың атымен бастаймын!
Анадан ақ сүт іштік піскен емес,
Күнәміз алатаудан кішкене емес.
Күніне мың бір күнә жасасақ та,
Аллаһқа кешем десе еш нәрсе емес.
Майлықожа.
Құранда көп келтірілген Аллаһтың есім сипаттарының бірегейі оның құлдарына аса қамқорлығы мен ерекше мейірімділігі. Ақиқатында Аллаһты шынайы таныған пенде оған Аллаһтың өлшеусіз қамқорлығын, өтеусіз мейір-махабатын сезінеді. Ол сені жиіркенішті нәрседен сүйкімді қылды. Ешбір мүсінші қанша тырысса да сұлбанды дәл солай сұлу қыла алмас, сені ахсана тақуимде жаратты. Тістер тісі жоқ уақытта сен қарның ашып жылап едің, ананның омырауынан сен үшін мейірім сүтін ағызды. Ол сүт сен үшін шөлдесең сусын, қарның ашса азығың еді. Еш нәрсеге дәмі де ұқсамайды, еш нәрсе оның орнын толтыра да алмайтын ананың сүті, ол - Аллаһтың айрықша қамқорлықпен сен үшін қан мен жынның арасынан жаратқан парқына жетсең бір нығметі еді.
Кейін тісін шыққан сәтте сен сүтке тоймай жыладың. Ол саған жер жүзінде сен үшін жаратқан бүкіл қазынасын жомарттығымен жайып салды. Оның кеңпейілдігімен Оның кең байтақ дастарханының қонағы болдың. Ауаны тегін жұттың. Ащы судан бөлінген тәтті суды іштің. Жер сен үшін дастархан болды. Оның қойнауы қара топырақ, жиғаны бір жаңбырдың суы болса да, ол Аллаһтың қамқорлығымен саған өте шебер аспаз тәрізді қызмет қылды. Оның бір жерінен ащы нәрсені жедің. Бір жерінен тәтті нәрсені жедің. Жер сүт анаң тәрізді, омырауынан Аллаһтың нығметтерінен сені қалағанынша тояттандырды. Аллаһтың сөзсіз құлдарына мейірімі болмаса, дәл осылай құлдарына қамқорлық жасар ма еді? Жер бетінде Аллаһтың қамқорлығында өмір сүріп, оны танымаған құлдан артық залым бар ма? Өмірі, болмысы, тынысы, тіршілігі, саулығы Аллаһтың қамқорлығынсыз мүмкін еместігі айқын бола тұра, Аллаһтан басқа нәрсенің разылығын іздеп, өзгеге құлшылық қылған құлдан опасыз бар ма? Ессіз адам болмаса Аллаһтың оған деген қамқорлығын әркім сезінеді. Бірақ көре тұра соқыр, біле тұра мылқау бола қалатын құлдар да баршылық.
Аллаһқа және Елшілеріне қарсы шығып, шексіз қамқорлық көрсетіп отырған Раббысына қылыш көтеретіндер де өкінішке қарай аз емес. Бірақ солай бола тұрса да, яғни Аллаһтан өзгені не өзін пұт қылып, паңданса да, әкеңнен де қамқор, анаңнан да мейірбан Аллаһ сен үшін тағы да кешірімділік қылады. Өз мейірбандығының шегіне жеткенше берерін үйіп-төгіп бере береді. Аллаһ «Кәһф» сүресінің 57-58 аятында: «Раббың өте жарылқаушы, мәрхамет иесі. Егер оларды қылықтарының салдарынан қолға алатын болса, әрине оларға азапты тездетер еді. Дегенмен олар үшін белгілі бір мерзім бар. О заман олар, Алладан өзге паналайтын жер таба алмайды», - дейді.
Аллаһ әрбір қылмысымыз үшін төбемізден қойғылай бермейді. Ол өз мейірбандығымен құлдарының тәубесін күтеді. Мейлі ол құл жер бетін толтыра күнә жасаса да, Аллаһ оны азаптауға асықпайды. Ал құл райынан қайтып тәубе қылса,оған Аллаһтың қуанышында шек болмайды.
Адамзаттың асыл заты Аллаһтың елшісі Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), Аллаһтың құлы тәубе қылған сәтіндегі қуанышын өте әсерлі түрде сипаттайды. Абу Хамза Анас бин Малик аль-Ансари, оған Аллаһтың ризашылығы болсын, былай дейді: «Аллаһтың елшісі Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендерден біреу, шөл далада мініп келе жатқан, үстіне бүкіл тамағы және суы бар түйесі жұлынып қашып кетіп, ол оны табуға үміті үзіліп, (өлімге әзірленген күйі) бір талдың көлеңкесіне келіп жатты. Сондай жағдайда жатқанда кенеттен, оның түйесі, жоғалтқан бүкіл азығымен жанынан табылады, сонда ол түйесінің жібінен ұстап: «Я, Аллаһ! Сен - менің құлымсың, ал мен - сенің Тәңіріңмін!", - деп қуанғанынан бүкілін қалай шатастырып алғанын білмей қалған құл, қалай қуанса, шындығында, Аллаһ Өзінің құлының тәубесіне одан да артық қуанады». Сен өзін осы мысалға бір әсерленіп көрші. Сен өлім халіндесің. Бүкіл нәрседен күдерің үзілді. Шыбын жаныңды ажалдан арашалап алар еш мүмкіндігің жоқ. Тек өлімді күткеннен басқа қолыңнан келер шараң да жоқ. Осы сәтте кенеттен сен түсіне кірмеген жерден саған көмек келді. Сен қуанғаннан сандырақтап не айтып, не қойғанынды білмей қалуын мүмкін ғой. Сен дәл бұл сәтте өміріңде қуанбағандай қуанасың. Бұдан артық адамда қуаныштың шегі болмайды. Ал Аллаһтың елшісі Мұхаммед (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) даналығымен осы қуанышты мысал қылады. Ал Аллаһтың райынан қайтқан құлға қуануы, оны мейірбандығымен рахмет құшағын жая қарсы алуы, адам қуанышының сыртқы жағында қалады. Енді Аллаһтың құлдарына деген мейірбандығына тамсанбастан басқа шара жоқ.
Аллаһ құлдарына деген мейірбандығын бөле жармайды. Ол бүкіл құлдарына рахмет есігін ашады. Ол күндіз күнә жасаған пендесін кешіру үшін түнде рахмет қолын созады. Түнде күнә жасаған пендесін кешіру үшін күндіз рахмет қолын созады. Аллаһ ешбір құлына өзінің мейірбандығын кешірімділігін білдірмей азаптамайды.
Оған айғақ адам баласының залымдарының залымы болған Перғауын қиссасы еді. Ол көңілі сенсе де, Аллаһтың оған берген нығметтерін жасырды. Ол өзін Құдай дәрежесіне көтерді. Бірақ солай бола тұрса да Аллаһ оған мейірбандық көрсетіп, Мұса Ғ.С елші қылып жіберді. Мұса Ғ.С: «Сен сол кәпірдің бар да аса таяғымен басын жар демеді. Керісінше оған қатты айтпа. Жұмсақ сөйле. Ол өзіне мені бөтен сезінбес үшін әңгіменді менім Раббым деп емес, сенің Раббың деп баста. Күнәннің бәрі кешіріледі, шынымен тазарғын келе ме? Тура жолға түсіп екі дүниенің бақытын тапқын келе ме ?» - деп ұсыныс қыл», - дейді.
Сөзін қуаттау үшін Мұса Ғ.С арқылы кереметтер көрсетеді. Бірақ Перғауын такаппарланып бас тартады. Соңы теңізге батып өледі. Сүйегі қиямет-қайымға дейін шірімей, кейінгі Аллаһтың мейірбандығын бағасын білмегендер үшін үлгі болып қалды. Немесе осы сияқты тағы бір мысал. Құранда келтірілген Ухуд қиссасы. Ешбір жазықсыз Аллаһ жалғыз деген бір қауым елді бір залым патша ор қазып тірідей отқа өртеген еді. Аллаһ олар туралы «Буруж» сүресінің 10-аятында: «Негізінде мүмін ерлер, мүмін әйелдерге жапа беріп, сосын тәубе қылмағандар, оларға тозақтың азабы, жандыратын азап бар» - дейді. Яғни Аллаһ сондай ауыр қылмыс жасаған құлдарына да өз мейірбандығын үзбей тәубе шартын қойып отыр. Олар Аллаһтың әулиелерінің біреуі ғана емес бір қауымын қырып салды. Аллаһтың бір әулиесіне жапа беру ол Аллаһпен соғысқанмен бірдей. Ал сонда бір қауым әулиелерді қырып салудың күнәсі қаншалықты ауыр болуы керек. Бірақ Аллаһтың құлдарына мейірбандығы сол, ол кім болса да шынайы тауба қылса кешіруге әзір. Немесе осы сияқты бірқатар мысалдар. Мысалға жүз кісіні өлтіргеннің тәубасы. Жер бетінде бір кісі хақысыз өлтірудің күнәсі бүкіл адамзатты өлтіргенмен бірдей. Ал сондай жүз адамды өлтірсе ше? Оның күнәсі қаншалықты ауыр болмақ? Аллаһ сол кісіні бар болғаны алдына келіп құл болып өкінгені үшін күнәсін түк қоймай кешірді. Оны айрықша кеңпейілдігімен қарсы алды. Немесе өсім жегендердің күнәсі. Өсім жеп елдің үстінен байыған адамдарға Аллаһ шарт қояды: «Сондай өсім жегендер қабірлерінен жын соғып тұрғандай есеңгіреп тұрады. Бұл олардың сауда бейне өсім дегендіктерінің салдарынан. Негізінде Аллаһ сауданы халал, өсімді харам еткен. Сонда кім Раббынан насихат келгенде тиылса өткені өтіп кетті. Оның ісі Аллаһқа тән. Ал және кім қайталаса сол тозақтық. Олар онда мәңгі қалады». (Бақара сүресі, 275).
Егер өсім жеген кісі, өзіне ақиқат келген соң тәубесіне келіп, райынан қайтқан болса, оның бұрыңғы білместікпен қылғаны кешіріледі. Оның жиып-терген капиталы сол сәттен бастап ол үшін адал болады. Аллаһ оның арамнан жиғаны тәркілемейді. Немесе өзгенің ақысына садақа қылып тарат демейді.
Осы қатарлы мысалдар Құранда өте көп. Оның бәрі тізбектей берген сайын, біз Аллаһтың құлдарына өте мүлайім, өте жұмсақ, өте мейірбан екендігін сезінеміз. Қадірлі бауырлар, Сіз бен біз Аллаһтың алдында көп пендешілік қылдық. Бүгінгі күн жер бауырын толтыра күнә жасадық. Күнә жасаған жоқпын, сүттен ақ, судан тазамын деп өз-өзімізді ақтамай-ақ қоялық. Күнәдан өзінді-өзін ақтаудан артық күпіршілік жоқ. Тәубемізге келейік! Аллаһ бәрімізді кешірсін!
Алмас Кенжемолдаев,
Жуалы ауданының бас имамы.