Мешітке келетін жамағатты ең азы төрт буынға жіктеуге болады. Аға буын, орта буын, жас буын, бала буын. Бұл төрт буын бір-біріне ұқсамайды. Түсінігі бөлек, танымы басқа. Оларды оған еш кінәлай алмайсың. Төртеуі де төрт түрлі өмірді басынан кешкен.
Бірі туа біте Құдайсыз қоғамда өмір сүрген. Сол қоғамның ащы-тұшысын қатар татып, сол қоғамда зейнетке шыққандар. Кейбір қариялардың аузында Аллаһ табылып жастарға бабалары тәрізді өсиет-өнеге көрсете алмай жатқан себебі де сол шығар.
Орта буын Құдайсыз өкіметтің қызған шағында өмір сүргендер. Олар кезінде атеизм саясатының бел ортасында жүрді. Комсомол болып, партияның міндетін Аллаһтың бұйрығынан бұрын атқарды. Аллаһ туралы ата-баба діні - Ислам туралы аңыз-әфсаналар болмаса, білгеннен білмейтіні көп еді. Олардың кейбірлерімен дін мәселесінде түсінісе алмай жатқандығымызға өкпелеудің жөні де жоқ шығар.
Аллаһқа шүкір, бұл рухани тоқырау ұзаққа созылған жоқ. Қазақтың да көрер жұмағы бар екен, ел жаңа ғасырды егеменді ел болып аттады. Аллаһ қазаққа елі мен жерін, тілі мен дінін өзіне қайтарып берді. Аллаһ қазаққа мүмкіндік беріп, тәубе қыл дегендей.
Елдің еркін өмірінде жаңа жас буын қалыптасты. Олар елдің болашағы, оларға қарап келешекті айнадан көргендей боламыз. Олардың жаппай ата-баба діні Исламға қызығушылығын көріп қуанып қаламыз. Мешіттерге сыймай жатқанын көріп, іштей масаттанып қоямыз. Үмітіміз басым. Алайда онымен бірге күдік те маза бермейді. Жас буын Исламды қабылдап жатыр, бірақ қалай түсініп жатыр?
Оның бейнесін көру үшін алысқа бару да керек емес. Оның көрінісі бағамдау үшін жамағат намазына барсаң жеткілікті. Қазіргі күнде мешіттерде байқасақ намаздарын жас буын арасында әрқилы оқитындарды көбірек көреміз. Бұған әлбетте білім көзімен қарап, көз жұмып кетсек те болар еді. Себебі оның бәрі сүннет аясында болып жатқан тіршіліктер. Алайда оның соңында біз көбірек байқай бермейтін қасірет жатқандай. Жамағат арасынан ынтымақты көп байқай бермейсің. Бір-біріне күдікпен, күмәнмен қарайды. Бірі әр амалды байыбына бармастан бидағатқа санайды. Бірі оның желөкпелігін бұзықтық деп түсінеді. Жүректері әлі де біріге алмай жүрген қырғи-қабақ жамағатты көреміз.
Мұсылманның сыртқы дүниесі ғалымдар (сахабалар, имамдар) арасындағы пікірталас себебімен бір-бірімен келіспеуі мүмкін. Алайда олардың ішкі дүниесі біртұтас дене сияқты. Олардың ешқайсысын бір-бірінен ажыратып ала алмайсың. Олар өзіне қалаған игілікті өзгеге қалайды. Өзгелер оның тілі немесе қолынан зиян көрмейді. Олардың жүректерінде не күншілдік, не реніш, өкпе деген нәрсе болмайды. Олар бір мұсылманға қатты өкпелеп қалса, Аллаһ та аяушы, сол өкпесі жазылсын деп үш-ақ күн уақыт береді. Сосын өкпе жазылмаса, яғни мұсылман бірін-бірі кешірмесе күнаһар болады.
Алайда осы Исламның құндылықтары жамағат арасында табылмай жатыр ма деп қорқасың. Бейне бір мұсылмандар жамағат намаздарында денесін денесіне тигізгенмен жүректерін жүректеріне тигізе алмай жүр-ау деп сезіктенесің. Өмір, өмір болған соң ол адамзатты алдамай тұрмайды. Мешітте тыс жердің барлығы сол алдамшы өмірдің базары. Оның саудасы қызған кезде сен бір мұсылманды немесе бір мұсылман сені міндетті түрде кейітеді. Мұсылман мұсылманмен ұрысып, өкпесі қара қазандай болып мешітке келеді. Міне осы кезде мешіт, яғни жамағат намазы мұсылмандардың жүректерін емдей бастайды. Жаңа ғана жау көрген мұсылманмен иық тіресіп, намазда тұрасың. Иығын иығына, аяғын аяғына, жүрегін жүрегіне тиіп тұрған біртұтас денедейсің. Ұрысып кіріп едің, табысып шықтың. Кейіп кіріп едің, кешіріп шықтың.
Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С. үйреткен жамағат намазының құндылығы да осы емес пе? Осы мақсат болмаса Аллаһ Тағаладан бекерден бекер жұма намазын парыз, жамағат намазын сүннет қылмас та ма еді? Бірақ біздің ахуалымыз мүлде керісінше көрініс беріп отыр ғой. Дүние ісінде туыс болып, мешітке келгенде ұрысатын әдетіміз бар.
Мен сүннетпен жүремін, сен бидағатшысың. Мен тура жолдамын, сен адасқансың деп даурығамыз да жатамыз. Аллаһқа ықыласты оятып, иісі мұсылманның жүрегін жұмсартатын намаз біздерге керісінше әсер беріп жатқан сияқты. Бірі-бірінен алабөтен, бірі-бірін жақтырмайтын ел арасында жас буын жамағатты көбірек байқап қаламыз. Ахли сүнна ғалымдарының ғасырлар бойы «терісінің иісі сіңген» мазхаб жолын бір күнде бульдозермен сыпырып тастап, «біз ахли салафиміз, біз ешқандай мазхаб ұстанбаймыз» деп мұрнын шүйіретіндерге не демексің? Жамағатта аға буын мен орта буын еліккен желөкпе жас буынды түсіне алмай әлек. Жас буын сүннеттің парқын бағалай алмай әлек. Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С. үйреткен намазы дәл осындай ма еді?
Біздің елде намаздар тек Ханифи мазхабының үкімімен оқылады. Ол дегеніміз әлбетте өзге ахли сүннет пікірлерін жарамсыз деген сөз емес. Сондай-ақ ахли сунна ғалымдарының ешқайсысы да Ханифи мазхабының үкімімен оқылған намазды жарамсыз демеген. Немесе бидағат деп айтуға батылдары жетпеген. Өйткені Ханифи мазхабының үкімімен оқылған намаз сүннат шекарасынан шықпайды. Оның түп тамыры әйгілі ғалым сахабаларға келіп тіреледі. Олар: Хазіретті Әли бин Әбу Талип(р.а.) және Абдулла ибн Масғуд (р.а.). Сол себептен Ханифи мазхабындағы намазды бидағат деп ешкім айта алмайды. Оны айтқан адам Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С. сүйген сахабаларына тіл тигізеді. Оларды бидағатшы деу, тозақы деумен бірдей. Сахабаларға тіл тигізу ахли сунна уал-жамағат ақидасында тиым салынған іс. Ол күпірлік.
Жалпы Ханифи мазхабының үкімімен оқылған намаз сыртқы бейнесінде өзге ахли сунна ғалымдарының пікірлерінен ерекше айрықшаланбайды. Намаздың дұрыс болуы үшін негізгі шарттарда келіспеушілік жоқ. Тек жалпы сүннет амалдарда біріккенмен кейбір сүннет істерде әртүрлі пікір білдіріп жатқаны болмаса. Мысалға, біздің мешіттерде көп көрініс беретін намазда қол көтеру мәселесі. Осы сүннет төңірегінде біраз түсінбеушілік туындауда. Ғалымдар бұл сүннетті намазды жарамсыз қылатын не кемшілік қылатын күші бар сүннет деп есептемеген. Мұстахаб деп үкім берген. Демек ол үшін жаға жыртысу қажет емес деген сөз.
Жалпы намаздың кіріспе такбірінде ахли сунна ғалымдарының ешбір шатағы жоқ. Бәрі оның намаздың рукуні дейді. Алайда оны қалай көтеру мәселесіне келгенде пікір бөлінеді. Малики, Шафиғи, Ханбали мазхабының ғалымдары қолды кеуде тұсына көтеруді сүннет деген. Олар оған Абдулла ибн Омардан (р.а.) келген хабардың дәлел қылып қояды (Муттафақу ғалайһи).
Ал Ханифи мазхабының ғалымдары құлақ тұсына көтеруді сүннет деп түсінген. Оған дәлел ретінде Уайл ибн Хажрдан (р.а.) келген хабарды алады. Ол Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С намаз оқығандығын көргендігін және оның кіріспе тәкбірде қолын құлағына дейін көтергендігін сипаттайды (Муслимнің рауаяты Насбул ройа 1\310). Сондай-ақ Анастан (р.а.), (Хаким риуаяты) және Бара ибн Азибтен (р.а.), (Ахмадтың риуаяты Насбул ройа 1\311) осы сияқты мағынада келген хабарларда ол амалдың сүннет екендігін қуаттайды.
Рүкуғтен соң қол көтеру мәселесі. Бұл сүннет амалы болса да, мұның да мазхаб арасында келіспеген жері жетерлік. Шафиғи, Ханбали мазхабының ғалымдары кіріспе тәкбірінен басқа жерде, яғни рукуғке барарда және тұрғанда қол көтеруді суннат дейді. Олар оған Абдулла ибн Омардан (р.а.) келген хабардың дәлел қылып қояды (Муттафақу ғалайһи). Ол хабарды артықшылығы сол жиырма бір сахабамен қуатталады. Имам Шафиғи оған ташахудтан соң үшінші басқа тұрғанда қол көтеруді суннат деп қосады. Оған дәлел ретінде Имам Бухаридің Абдулла ибн Омардың (р.а.) келтірген хадисін келтіреді. (Имам Бухари Мажмуғ 3\424).
Малики, Ханафи мазхабының ғалымдары кіріспе такбірінен басқа жерде, яғни рукуғке барарда және тұрғанда қол көтеруді суннат деп есептемейді. Оған дәлел ретінде Абдулла ибн Масғудтан (р.а.) келген хадисті дәлел қылады. Абдулла ибн Масғуд бірде: «Мен сендерге Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С. оқыған намазды үйретейін бе?» - деді де, ол намаз оқыды. Ол кіріспе такбірінен басқа жерде кол көтермеді. (Абу Дауд, Насаи, Тирмизи Насбул ройа 1\394 хасан хадис).
Хадис күшімен қарайтын болсақ, Абдулла ибн Омардың (р.а.) пікірі күштірек болып есептелінеді. Бірақ Әбу Ханифа неге Абдулла ибн Масғудтің (р.а.) пікірін таңдады? Бұл сұрақтың жауабын Мұхаммад Хасан Шайбани «Хужжатул ахлу куффа ғалал Мадина» кітабында және Имам Жағфар Тахауи «Мағани асар» кітабында тиянақты жауап береді.
Мұхаммад Хасан Шайбани; Әли ибн Әбу Талиптің(А.р.б), де қол көтеріп оқымағанын дәлел кояды. Әли ибн Әбу Талип(А.р.б),,Абдулла ибн Масғуд(А.р.б), Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С. ең жақын сахабалардың бірі.Сондай-ақ олар Аллаһтың Елшісін Абдулла ибн Омардан(А.р.б), әлдеқайда жақсы білетін.Бүкіл әлем Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С жау болған уақытта,олар оның алғашқы ерушілерінен болды. (Әли ибн Әбу Талип үшінші болып, Абдулла ибн Масғуд алтыншы болып иманға келген еді).Яғни Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С намаз оқи бастағаннан олар саптың алғашқы шебінде тұратын.Сол себептен де олар басқа мәселеде қателессе де,намаздың сипатында қателесу мүмкін емес еді.
Ал Абдулла ибн Омар(А.р.б), ол кезде жас бала болатын.Сүннатке сәйкес ол намаздың кейінгі сапында тұратын.( «Хужжатул ахлу куффа галал мадина» 95\1)
Имам Жағфар Тахауи «Магани асар» кітабінда ;тіпті Омар бин Хаттабтың(А.р.б), да қол көтермей оқығанын мысалға қояды. (Хабар сахих,хасан Магани асар 388\2)
Сондай-ақ Абдулла ибн Омардың(А.р.б), да кей кезде қол көтермей оқығандығын келтіреді.(Магани асар 381\6)
Сондай-ақ Әли ибн Әбу Талип (А.р.б),Абдулла ибн Масғуд (А.р.б), Әбубакирдің (А.р.б) де,Омар бин Хаттабтың (А.р.б) кезеңінде халифаның кеңесшісі болғанын,яғни үкім етуші он алқаның қатарында болғандығын білген соң,біз Әбу Ханифаны қателесті деп айта алмаймыз.Сахабалар сүннет амалдарына бей-жай қарамайтын,олар бұл істі нақты сүннет екендігін білсе,міндетті түрде орындауды бұйырар еді.
Жалпы намаздың сыртқы болмысында,яғни кейбір сүннат амалдарында сахабалар осылай келісе алмаған.Бірақ бұл пікірталастың болуы қорқынышты нәрсе емес.Өйткені ол Мұхаммад С.Ғ.С үмматына берілген Аллаһтың рахметі(яғни дін тар хауыздағы дүние деген сөз емес).Жалпы сүннет аясында болғандықтан әркім намазын білгенімен(сүннет шекарасында қалаған мазхаб үкімімен) оқиды.Бірақ бұл ғасырлар бойы дін ілімі үзілмеген араб елдерінде үйлесуі мүмкін.Алайда біздің елде келісілмейтін іс болып тұр.Өйткені біз бірліктен гөрі бүлікке жақынбыз.Біздің жамағатымыз сөз басында келтіргендей төрт буыннан тұрады.Ұғымы басқа,түсінігі бөлек.Сол үшін де осы жерде бір нәрсе анық бар осы сияқты сүннатты көтеріп,оны мәселеге айналдырып жүру ол шынайы салафтар,сахабалардың жолы емес.
Көбінесе байқасақ,мешітке келген жалпы көпшіліктің діни білімі төмен.Олар көбінесе өмірден шаршап,рухани азық іздеп мешітке келеді.Кітаптарда жазылған сахабалардың,әзіз мұсылмандардың сұлбасын іздейді. Мешітке келгенде бір-бірінен пікірі ғана емес, болмысы бөлінген мұсылмандарды көреді. Жан дүниесі алай-дүлей болған ол бойын кімге қарап түзерін білмей сасады. Бір-біріне алакөзденіп, намаздарын әрқилы оқығандар оған не ақыл айтып тыңдырар. Сосын оның дінге көзқарасы қандай болады? Ол екінші рет не мешітке келмей кетеді. Немесе бір-бірімен тартысып жүргендердің біріне айналады. Бұл бүлік болып есептелмейді ме? Міне сондықтан да имамдар елдің дінге деген ұғымыздың саяздығын ескере отыра, әліде болса ақидамыздың түзу емес екендігін бағалай отыра, амалда елдің басын әр нәрсемен қатырмай, тек бір мазхабты ұстануымыз керек дабыл қағып жүрміз. Бірақ бұл пейілімізді басқаша ұғынып жүрген кісілерде жетерлік.
Өздерін «салафиміз» деп, елді білімге шақырған, ынтымаққа шақырған бізді «Муқаллидтер» (соқыр ілесушілер) деп теңеп те қойыпты. Шынайы Салафтар Аллаһ Елшісінің және оның сахабаларының көзқарасын ұстады. Яғни олардың ұстанымдарында (манхаждарында) берік тұрады. Сахабалар дәл біздің қоғамызда өмір сүргенде нені ұстанатын еді? Әңгімені неден бастар еді? Нені бірінші тұрғызып, нені бірінші «бұзар» еді? Яғни Қазақстанда өмір сүрсе намаздарын қалай оқыр еді. Оған жауап табу үшін салафтардың манхажына бір оралып көрелік. Аллаһ Елшісінің С.Ғ.С. өзі бүлік шығатын жерде ұстанымы қандай болды? Ол Мекке қаласын алғаннан кейін, Айша (р.а.) анамызға былай деген еді: «Егер сенің қауымын жаһилиятқа (надандыққа) жақын болмаса еді. Қағбаның қазынасын Аллаһ жолында садақа қылар едім. Қағбаның есігін жермен бірдей ететін едім. Ибрахимнің Ғ.С. мақамын Қағбаға қосып қайта соққан болар едім». (Муслим).
Осы айтылғанның бәрі Пайғамбарымыз Мұхаммед С.Ғ.С мүбарак суннеті болып есептеледі. Бірақ Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С күші жетіп тұрса да бұл нәрсені істеген жоқ. Өйткені кішігірім пайда соңынан зор зиян әкелейін деп тұрған еді. Білімсіздік жайлаған жерде бүлік шықпас үшін кейбір сүннеттерді тастау ол Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С сүннеті екен. Осыдан соң біз тек хадиспен жүреміз, ахли салафиміз деп, көп нәрсені сүннетте келгені бар, сүннетте келмегені бар бидағатқа шығарып дүрлігіп жүрген желөкпелердің тірлігін Пайғамбарымыз Мұхаммед С.Ғ.С манхажына кіргізуге бола ма екен?
Сахабалар дағуатын Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С немен бастаса, сонымен бастап, немен аяқтаса, сонымен аяқтаған. Ал Пайғамбарымыз Мұхаммед С.Ғ.С дағуаты таухидпен басталып, таухидпен аяқталған. Сахабаларда өмірін осыған арнаған. Олар бүкіл күш-жігерін осы бағытта жұмсап, елдің ақидасын түзеумен айналысқан. Ел ішінде бүлік шығарудан тартынған. Олардың арасындағы келіспеушіліктер тек сөз жүзінде қалатын. Олар бір-бірін жүректерімен жек көрмейтін. Ел бірлігі үшін жөні келсе пікірлерінен бас тартатын. Хажылық мерзімінде хазіреті Осман ибн Аффан қасир намазын өз ижтихадымен толық оқиды. Абдулла ибн Масғуд оған ижтихадта қателескенін дәлелдеп береді. Екеуі келісе алмай қалады. Абдулла ибн Масғуд Осман ибн Аффанның артынан ұйып намазды толық оқиды. Оған: «Сен неген онымен келістің?» - дегенде, ол: «Қарама-қайшылық жамандық, қарама-қайшылық жамандық», - деп, қайталай берген.
Ел бірлігі үшін сахабалар қате пікірдің өзін қостап кеткен кезі болған екен. Әлбетте бір шартпен оның жамандығы шектен асып кетпесе. Міне осы шынайы салаф болған сахабалардың жолы. Олар сүннет амалын дәл осылай түсінген.
Сөздің тоқ етері, Қазақстан елі ақидасы күннен-күнге түзеліп Аллаһқа шүкір, дамып келе жатқан ел. Бұл елде Ханифи мазхабымен намаз оқылады. Ал Ханафи мазхабын ешкім адасқан немесе бидағат мазхаб демеген. Сол үшін де ел бірлігі үшін бір мазхабта намаз оқу атымен де затымен де сүннет. Лайым Аллаһ һидаят нәсіп қылсын!
Алмас Кенжемолдаев,Жуалы
ауданының бас имамы.