Жамбыл: Құрбан айтқа қатысты баспасөз мәслихаты өтті

Жамбыл: Құрбан айтқа қатысты баспасөз мәслихаты өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Баспасөз орталығында Құрбан айт мерекесіне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға «Ақ жол», «Жамбыл-Тараз», «Арай», «Ғұмыр дария», «Знамия Труда» газеттері мен «JAMBYL», «77» арналарының тілшілері қатысты.

Баспасөз мәслихатында Құрбан айтының артықшылығы, мұсылман халқының аталған айды тойлауы, ондағы сауаптар мен ерекшеліктер сөз болып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының халыққа үндеуі жеткізілді. Сонымен қатар діни басқарма тарапынан келген бұйрық бойынша карантин жағдайына байланысты, індеттің таралуына жол бермес үшін онлайн түрде атқарылатын іс-шаралар легі тілге тиек болды.

Бас имам Бейбіт Мырзагелдиев өз сөзінде: Баршамызды қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі, мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Әлемнің әр түкпірін мекендеген мұсылмандар бұл күні Жаратушы Иеміздің разылығы үшін құрбан шалып, Алланың мейірім-шапағатына бөленуге тырысады. Адам осындай  ізгі амалы арқылы Раббысына жақындай түседі. Ал  «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Құрбан айтты атап өтудің мәні мен мағынасы зор. Діни басқарма ел мұсылмандарының өтінішін ескере отырып биылғы жылы алғаш рет Құрбан айт қарсаңында халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қашықтан құрбан шалу жобасын қолға алды. Осы мақсатта qurban2020.kz сайтын бүгін толықтай іске қостық. Ал құрбандық шалуға онлайн тапсырыс 30 шілдеге дейін қабылданады. Кез-келген азамат онлайн түрде құрбан шалуға тапсырыс бере алады» деді, - деп ұлық мерекенің бүгінгі ахуалға байланысты жаңалықтарын жеткізді.  

Ал Тараз қаласының имамы Амантай Садиев: «Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жасап, туысқандық байланысты күшейтуге итермелейтін ұлық мейрам. Өйткені, Алла тағала:«Сен кешірім жолын ұстан, жақсылыққа бұйыр, надандықтан бет бұр» («Ағраф» сүресі, 199-аят) деп мұсылмандарды барынша кешірімді бола түсуге шақырған. Діни басқарманың мақсаты – азаматтардың құрбандығын шалып беруді ұйымдастыру. Онлайн тапсырыс арқылы құрбандық шалу кезінде үйреншікті болған малды өзіміз таңдау, қасапшының жанына барып өзіміз сою секілді жағдай болмайын деп тұр. Бұл жобаны карантин кезінде құрбан шалуға ниет еткен азаматтардың тілегін жүзеге асыруға мүмкіндік ретінде ұсынып отырмыз. Тағы бір ескеретін жағдай осы кезге дейін Құрбан шалған азаматтар етті үшке бөліп, бір бөлігін ағайын-туыс, көрші қолаңға арнап айттық дастарханын жаятын. Пандемия жағдайына байланысты сойылған ет биыл түгелдей әлеуметтік аз қамтылған жандарға, мұқтаж отбасыларға үлестіріледі. Осы ретте азаматтарға айтарым. пендешілікке салынбай, мал бағасын көтеріп пайда табуды емес, сауапты іске атсалысайық» - деді.

Брифинг кезінде бұл жобаны келесі жылы да жалғастыру жоспарда бар екені айтылды. Айта кетуіміз керек, онлайн құрбандық шалу барысында имамдардың жұмысы делдалдық емес, аталған рәсімді ұйымдастыру және құрбан еттерін мұқтаж жандарға үлестіру.

Қазіргі уақытта мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, әр облыста құрбан шалу орны ашылған. Діни рәсім жергілікті әкімдік пен санитарлық-дәрігер мамандардың рұқсатымен, тәртіп сақшыларының қадағалауымен карантин талаптарын қатаң түрде сақтай отырып орындалады.Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім әперу – мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

Биыл арапа 30 шілде, құрбан айт мерекесі 31, 1, 2, тамыз күндері болып белгіленіп отыр.

Тілшілер өз сауалдарын қойып, керекті мәліметтерін түртіп алды.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: