Бүгін COVID-19 коронавирусі кезінде жаназа намазы мен жерлеу рәсімін өткізуге қатысты баспасөз мәслихаты өтті.
Жиынға «Ақ жол», «Жамбыл-Тараз», «Арай», «Ғұмыр дария», «Знамия Труда» газеттері мен «Қазақстан Тараз», «77» арналарының тілшілері қатысты.
Баспасөз мәслихатында қаралы үйлерге барушыларға індеттің жұғуының алдын алу шаралары тілге тиек етілді. Халықты сабырға шақырып, мұндай жағдайда шариғат тұрғысынан не істеуге болатыны айтылды.
Бас имам Бейбіт қажы Мырзагелдиев өз сөзінде: Ислам – адам баласының өмірін, денсаулығын, сенімін, отбасын және абыройын сақтайтын қасиетті дін. Алла Тағала: «Өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар», – деп ескерткен («Бақара» сүресі, 195-аят). Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзгеге және өзіне зиян тигізуге болмайды», – деген (Ибн Мажә). Сондықтан өз өміріміз бен денсаулығымыз – Алланың бізге берген аманаты. Мұсылман ғалымдары «Залалды жою пайда келтіруден бұрын тұрады» деген (әл-Бахр әл-Мұхит, 7/280). Қазіргідей жұқпалы аурудың қаупі күшейген кезде одан сақтану – әрбіріміз үшін міндет», – деп атап өтті.
Шарада жаназа мен жерлеу рәсімдерін белігілі бір талаптарға сай жүгізіп, қонақ асы, құдай тамақ, жетісі, қырқын беруді уақытша тоқтатуға кеңес берілді.
Індет жұқтырған адамдардың саны көбейіп тұр, қаза тапқандар да аз емес. «Сақтансаң – сақтаймын» демекші, әлемге қауіп төндірген дертке немқұрайлылық таныту – өзіміз үшін ғана емес, айналамыздағы жандардың өміріне де әсерін тигізері хақ. Сондықтан әркім бұл жағдайға жауапкершілікпен қарағаны дұрыс болар.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі