Балам деп үкілеген ата-ана мектепке барар жолында қысты күні мұз боп құрсап қалған өткелге тұз сеуіп ерітіп, балдырғандарды сабаққа жіберетін. Дәл мектепке барар жолда кедергі болған көпірсіз арна оқушыларға біраз қиындық тудырып, үйдегі ана да "құлап кетпесе жарар" деп шыбын жанын шүберекке түйіп отырушы еді.
Жамбыл облысының рухани жүрегі Һибатулла Тарази мешіті дәл осы түйіткілді мәселенін түйінін шешіп, көпір салды. Бүгін салтанатты ашылу шарасына облыстың бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев, Тараз қаласына жаңа тағайындалған имам Амантай Садиев пен жергілікті тұрғындар қатысты.
«Көпір салу — сауапты істердің ең үлкені» делінген пайғамбарымыздың хадистерінің бірінде. Көпір қажеттілігін, әсіресе, өзен-сулардың жағасындағы ел жақсы біледі. Көпірсіз өрісің тар. Барар жерің сол судың арғы жағы болса, көпірсіз жолың кесіледі. Сондықтан көпірдің ел дамуында алар орны айрықша.
Сол себепті биылғы жылы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай "30 көпір, 30 құдық" жобасын енгізген болатын. Атаулы бастама негізінде Жамбыл облысы 2 құдық, 1 көпір салуды жоспарға қойған. Бүгін көпір салынып, ел игілігіне қолданысқа берілді.
Айта кетейік, бұған дейін 1 құдық қазылған болатын, енді көпір де іске қосылып, мақсат орындалуда.
Облыстық мешіттің жасаған сыйлығын көпір маңында тұратын балалар да асыр салып тамашалады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі