Тараз қалалық Кеңесхан қажы мешітіне бас имам болып Амантай Садиев келді. Бұған дейін Ақтөбе қалалық мешітінің имамы қызметін атқарған маман ҚМДБ төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығымен 2000 жылдан астам тарихы бар көне Тараз шаһарының имамы қызметіне тағайындалды.
Маманды Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт қажы Мырзагелдиев мешіт қызметкерлерімен таныстырды. Бейбіт Әліпбайұлы: "Дін саласында тәжірибесі мол білікті исламтанушы Тараз шаһарының діни ахуалын көтеруде жемісті еңбек етеріне үміт артамыз" - дей отырып қызметіне сәттілік тіледі.
Амантай Абилдаевич Алматы Ислам институтында, Түркия елі Маниса қаласындағы құран курсында, "Ақтөбе" медресе-колледжінде, Түркияның Булу қаласындағы құран курсында оқыған. 5 тілді жетік меңгерген маман Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары орталық мешітінде бас имам, Құспан молда мешітінде наиб имам, Атырау облысы бойынша өкіл имам, Оңтүстік Қазақстан облыстық мешітінде наиб имам қызметтерін атқарған.
Өңірге жаңа келген имамға облыстың мешіт қызметкерлері атынан толағай табыс, жемісті жұмыс тілейміз!
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
Һибатулла Тарази мешітінің баспасөз қызметі