Ораза айт күнінің құрметіне Шу ауданында 68 отбасыға қайырымдылық шарасы ұйымдастырылды.
Мұсылмандардың қасиетті мейрамы Ораза айт та келіп жетті. Мұсылман-мұсылманға күліп қарау, мұсылманның көңіліне шаттық пен қуаныш сыйлау қасиетті ұғым десек, артық айтқан болмаспыз. Аталмыш күннің құрметіне, Шу аудан молдалары, ауылдарда тұратын жағдайы төмен 68 отбасының есігін қағып, қап толы азық-түлік үлестірді. Қуаныштарына куә болған дін қызметкерлері Ораза Айт мерекелерімен құттықтап, қуаныштарына ортақтасты.
Атап айтатын болсақ, Жаңажол ауылы Күнту баба мешітінің имамы Әуесбаев Берік 10 отбасына 10 қап ұн, 10 қап қант, 50 л сұйық май бере отырып, 2 бас қой 2 отбасына апарды. Қаражаты - 204.000 тг құрады.
Д.Қонаев ауылы, Д.Қонаев мешітінің молдасы Мустафаев Вайд әр отбасына 5 кг қант, 10 кг ұн, 5 кг макарон, 3 кг күріш, 1 кг конфет, 2 л сұйық май, 1 кг печенье, 1 қорап шай, үлестіріп, шарада 40 отбасын қамтыды. 1 қой еті және 1 ешкі еті аталмыш отбасына табыс етілсе, 9 отбасына 300.000 ақшалай жәрдем берілді. Қайырымға жұмысалған қаражаты - 600.000 тенгені құрады.
Балуан Шолақ ауылы, Қойайдар мешітінің имамы Смайыл Аян 5 отбасына 5 кг күріш, 5 кг ұн, 5 кг кеспе, 1 қорап шай, 1 кг тұз, 1 пачка құрма, 1 кг сушки, 1 дана вафли үлестірді.
Ақтөбе ауылы, Жылғабек мешітінің молдасы Қоспанов Әбусейіт болса, 4 қой және 4 ешкі малын 4 отбасына зекетін берді. Орта есеппен қой бағасы 40.000 болса, ешкі 35.000 теңге. Жалпы ақшаға санағанда 300.000 тенге болды. Аталмыш мешіттердің қайырымдылығы - 1135000 теңгені құрады.
Ардақты Алла елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Көршісі аш отырып, өзі тоқ отырған бізден емес» деген. Мұсылманшылықта қайырымдылық жасап, елді қуанту асыл қасиеттердің бірі. Қайырымдылық шарасына себепші болып отырған азаматтарымыз бен дін қызметтеріне Алла разы болсын дегіміз келеді.
Талғат Кәрібайұлы
Шу аудандық Төле би мешітінің баспасөз қызметі