Жан азабы

Жан азабы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

...Мен қайтадан ауруханаға түсіп қалдым. Бұл – ақыл-есінен ауысқандарды емдейтін аурухана. Апырмай, өмір неткен қатал десеңізші?! Жолдан өтіп бара жатқанда мені көлік қағып кетіп еді, ал мен болсам есі ауысқандардың емханасынан бір-ақ шықтым. Таң атқаннан кеш батқанша дәрігерлер түрлі-түсті дәрілерді бере береді, бере береді. Маған қойылған диагноз – асқынған шизофрения. Негізінде, еш жерім ауырмайды, сап-саумын. Дәрігерлердің айтуынша, ешқандай да көлік болмаған, мені көлік қақпаған, ал менің бұл ауруханада жатқаныма бес жылдан асыпты. Мен бұл жерде бірнеше күн боламын да есімді жиямын. Мүмкін жимаспын да. Ол жағын ешкім білмейді.

Қой, дәрі ішетін уақыт болды, барып дәрілерімді ішіп алайын. Дәрі ішуге кетіп бара жатып, қайтадан мені қаққан көліктің қасынан бір-ақ шықтым. Ептеп орнымнан тұрып, үсті басымды қағып тұрсам, маңайымдағы қара құрым адам шу ете қалды. Осы менің соңғы кездері жолым болмай-ақ жүр. Ұшы-қиыры жоқ бір бақытсыздықтарға ұшырай беремін. Сәтсіздіктерді ғана бойына тартып алатын магнит сияқтымын. Міне, енді өз үйімдемін. Көзге түртсе көргісіз қараңғы болған соң жарықты қосып қалып едім, жалындаған оттың тілі басымнан аяғыма дейін орап алды. Тілсіз отпен арпалысып жатқанымда, дәрігердің кешкі қарап өтуі басталып кетіпті. Қазір медбике бәрімізге ине егеді де бәріміз бір адамдай болып қалың ұйқыға шомамыз. Кейде ұйықтардың алдында біраз уақыт теледидар көруге рұқсат береді.

Теледидар көру біз үшін бір қуаныш. Ұмытып кетіппін ғой, ұйықтатпай тұрып бізге кешкі ас береді, айтпақшы. Тамақ емес бір мақта жеп отырғандай боласың. Астан кейін ұйқының уақыты, ине салу, сонымен бүгінгі ісіміз бітті дей беріңіз. Бір сәтте көзімді ашып алсам, өрт сөндірушілер келіп, өртенген үйімнің отын өшіріп те қойыпты. Айтқандай, газ баллоны газ шығарып тұрған екен, ал мен жарықты қосып қалғанда жарылыс болып, мені терезеден далаға лақтырып жіберген ғой. Біраз арқам ауырып тұр, алайда қазір мені арқам тіпті де алаңдатып тұрған жоқ. Мұның бәрінің қашан, қалай басталып кеткенін мүлде білмеймін. Осындай күйге түскеніме де қанша уақыт болғаны есімде жоқ. Нақтылық пен шынайы өмірдің қайда екенін де білмеймін, әйтеуір бір елестер мен қалың тұманнан шыға алмай жүргенім.

Қарнымның ашқанын сезгендеймін. Абырой болғанда, қалтамда біраз ақшам қалыпты. Алдымнан кездескен бір кафеге кіріп, тамақтанып алайын деп шештім. Өзім жақсы көретін түшпараға тапсырыс бердім. Анау қарғыс атқыр ауруханаға қарағанда бұл жерде асты керемет дайындайды. Дәмі тіл үйіретін тұшпараны аузыма салуым мұң екен, тамағыма тұрды да қалды. Қақалып, шашалып есім шықты. Бір мезетте темірдей қаты қолдар бір сілкіндіріп алды, көзімді ашып қалсам, екі бетімнен шапалақтап тұрған мейірбике мен өзіме етене таныс ақ қабырғаны көрдім, қайтадан ауруханаға түсіп қалыппын. Әйтеуір, шарасыздан зорлана күлімсіреп жүрген дәрігерлер мен медбикелер. Міне, таңғы дәрілердің уақыты да келіп жетті. Одан кейін психотерапевтің қабылдауына баруым керек. Осылайша, қараңғалғыр сынақтама мен сыр айтысу басталады. Иә, мұның бәрі де бітеді. Содан соң аулаға қыдыртуға шығарады, кәдімгідей қыдыртуға. Қой, жақында сатып алған көк костюм-шалбарымды киіп, галстугімді тағып алайын. Халықтың алдына шығамын ғой...

Міне, не тірі емес, не өлі емес, әлдебір елес сияқты өмір кешіп, жан азабына түскен бір адамның есі ауысқандарды емдейтін ауруханадағы бір күні осылай өтуде. Алла Тағалаға ештеме де қиын емес. Бәлкім, жан дертіне шалдықпай тұрып, бұл кісі бір мықты оқымысты болған шығар? Бәлкім көлік жүргізіп, алыс қалаларды аралаған шығар? Біз оны біле алмаймыз, өйткені бұл адам, Алланың қалауымен, ақыл-есінен айырылған. Еріксіз ойға шомып, тәубеңе келеді екенсің. Алла Тағаладан кешірім сұрап, берген нығметтерінің бәріне шүкіршілік айтып: «Иә, Мейірімі мол Алла, ақыл-есімізден, Өзің бізге аманат етіп берген денсаулықтан айыра көрмеші! Жүрегіміздегі иманымызды сөндіре көрмеші!» - деп дұға жасайсың!

 Ақерке Сыдықова

asyldin.kz

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: