«Бөгде жанның қайғысы, менің қайғым емес! Бөгде жанның баласы – менің балам емес! Бөгде жанның ауырған тәні де, жаны да менікі емес! Бәріне көмектесіп болмайсың! Өзімнің де ауыртпашылығым басымнан асып түседі» - деп айтатын безбүйрек адамдар қазіргі таңда аз емес. Өзіне таныс емес адамдардың жан азабы мен жан қиналысын көрсе де, білсе де – теріс айналып жүре береді олар. Сондай адамдарды көргенде оларға: «Әй, адамдар, безбүйрек болмаңдар! Адамдардың қасіретіне селқос қарамаңдар! Тумай жатып, жазылмас дертке шалдыққан бүлдіршіннің қасірет толы көздеріне қарау мүмкін емес. Бәлкім, сол сәбидің көзімен бұл әлемге Алла Тағаланың Өзі қарап тұрған шығар?!
Алла Тағала бізге басына қиын-қыстау күн түскен жанға көмектессін деп екі қолымызды берді емес пе? Мұқтаж жандардың нендей нәрсеге зәру екенін көру үшін екі көзімізді берді емес пе? Көмек сұрағандардың зарын есту үшін Алла бізге екі құлақ бермеді ме? Жан азабын тартып, қиналғандарды жұбату үшін Алла бізге тіл бермеді ме? Адамдарға көмек қолын созуға асығу үшін Алла бізге екі аяқты берді емес пе? Осының бәрін түсініп, ой елегінен өткізу үшін Алла Тағала бізге ақыл-ой, сана берді емес пе? Тіпті безбүйрек болмасын деп жүрек берді емес пе? Әй, адамдар, бір-бірімізге мейірімді, қайырымды, қамқор бола білейік! Жылына бір рет келетін Рамазан айында ғана жақсы амалдар жасауға асығып, қалған айларда «мұнда менің шаруам жоқ», - деуден аулақ болайық, ағайын!» - деп айтқым келеді.
Ақерке Сыдықова
asyldin.kz