Жан арқауы

Жан арқауы

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Айманды онкологиялық ауруханадан немерелес апайы Әсия шығарып алды. Әсия – табысты сәулетші. Өзі ашық, аузын ашса, көмейі көрініп тұратын ақ жарқын жан, ештемені бүкпей, тігінен айта салып жүре береді. Міне, сол әдетіне басып, Айманды қолынан демеп көлікке отырғызып жатып: «Айман, әлгі сенің күйеуің басқа бір шүйкебаспен тұрып жатыр, бірақ сен уайымдамашы. Сен тұратын баспана бар. Сені жалғыз қалдырып қоймаймын, қолымнан келгенше бәрін жасауға тырысамын, көмектесемін, қасыңда боламын», - деп бәрін жайып салды. Ал Айман болса асқазанына жасалған отадан кейін, бірнеше мәрте алынған химиятерапиядан соң көп салмақ тастап, жүдеп-жадап, өңі бозарып, басындағы шашы түсіп, қушиған бір қуыршақ тәрізді болып қалған еді. Көптен келмей кеткен күйеуі жайында іштей бір нәрсенің болғанын сезіп жүрген еді, бәрінің рас болғаны ма? Бір сәтке қара аспан айналып кеткендей болды. Айманның орнында басқа біреу болса есінен танып, айғайлап жылап, басындағы шашын жұлар ма еді? Алайда Айманның жұлар шашы да жоқ қой. Ұшы-қиыры жоқ ойға шомып кеткен Айманды апайы онсыз да жылы машинаға отырғызып, жылы орап қойды да «жаңа өмірге» қарай бет алды. Табиғаты келіскен бір керемет жерде орналасқан үйдің қасына келіп, машина кілт тоқтады. «Міне, келдік. Мына үйді екі жыл бұрын өзіме бола сатып алған болатынмын, алайда бұл үй енді сенікі. Құжаттардың бәрін жасатып, үйді сенің атыңа ауыстырып қойдым. Үйде не керектің бәрі бар. Өзім де жиі келіп тұрамын. Ең бастысы, сен өзіңді күт, ештемеге алаңдама!» - дей жүріп аулаға кірді.

Аулада бір үлкен ит тұрды, Әсияны көре сала, құйрығын бұлғандатып, аяғына орала жөнелді: - Бұл итті саған бола алдым, сен енді жалғыз болмасын деп. Аты – Ақжол, екеулерің достасып кетесіңдер деп сенемін. Жалғыз болғаннан екеу болан жақсы емес пе? Айман, саған оңай емес, тәніңмен қоса жан қиналысыңды да білемін, алайда сенде мен бармын, ал мына итте – сен барсың. Өмірге қайта оралу үшін саған арқау болатын жан керек, Ақжол сенің жан арқауың болады. Кейде ит адамнан жақсы, сатып кетпейді. Ал күйеуіңді ұмыт. Саған қалай айтарымды білмей тұрмын, ол сенімен сырттай ажырасып алған...Қой, мен қайтайын, бір аптадан кейін келемін, - деді де көлігіне от алдырып, жүріп кетті. Апайы кете салысымен Айман екі көзге ерікті берді, солқылдап тұрып жыласын келіп. Өзі әрең жүргенде мына бір итті қалдырып кеткен апайын да сықпыртып алды. Ешкімге керегім жоқ, өмір сүруге әлім де қалмады, одан да осылай жатып өле салайын деп ойлады. Бәле, ал Ақжол ше? Оның күні не болмақ? Аштан қатып өледі ғой бейшара ит. Оның не кінәсі бар? Орнынан тұрып, итті тамақтандырды. Ақжол болса тамағын жеп алып, Айманның жас аққан бетінен жалап-жалап алды да оның тізесіне басын қойып жата қалды. Иттің бұл қылығына Айман тәнті болды. Апта зымырап өте шықты. Айнаға көзі түскен сайын, бұл өмірден түңіліп, өмір сүргісі келмей қалатын, алайда табалдырықтың алдында мұңлы көздерімен бұған қарап жатқан Ақжолды көрген сайын, қайтадан жігерленіп: «Қой, осы ит үшін болса да өмір сүре тұрайын», - дейтін. Алла Тағаланың үсті-үстіне берген сынағына сынбай, сабырлық танытатын. Ауыр ота үстінде жан тәсілім етпей, тірі қалғанына шүкір етіп, тәубесіне келетін...

Бұл баянсыз фәни дүниеде жан адамға қонақ, адам адамға қонақ, ал адам өмірге қонақ дегендей, Алла Тағала адам баласын адам баласына арқау етіп қойды емес пе? Болған оқиға ізімен жазылған бұл шығармам көп адамдарға сабақ болар деп ойлаймын. Ешбір пенде өзіне ауыр дертті тілеп алмайды, ол да болса Алланың сынағы. Алланың сынағына ұшыраған Аймандай жанның айлап ауруханада жатқан уақытында басқа әйелмен көңіл қосып, ауруханадан тірі шықпас, тірі шықса да жазылмас дертке шалдыққан әйелмен қалай бірге тұрамын деп ойлап, сыртынан тон пішіп қоятын «ер-азаматтарымыз» аз емес, өкінішке орай. Сөзімді: «Адам жылатса да Алла жылатпаса екен!» - деген тілеумен аяқтағым келеді... 

 Ақерке Сыдықова

asyldin.kz

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: