Бүгін қоғам қайраткері Жандар Кәрібайұлының асы берілді. Марқұмның жанұясына көңіл айта келген көпшіліктің қарасы көп болды. Қаралы жиынға ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Қанат Жұмағұл, Жамбыл облысының жаңа әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты.
Облыс имамы жиында Құран оқып, сауабын марқұмға бағыштады. Еңбек жолын Жамбыл ауданының орталығы Аса ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы мектеп-интернатында неміс тілі пәнінің мұғалімі қызметінен бастап, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Сенаттың Аймақтық даму және өзін-өзі басқару мәселелері жөніндегі тұрақты комитеті төрағасының орынбасары қызметіне дейін еңбек еткен қоғам қайраткеріне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы көңіл айту жедел хатын жолдады.
Жедел хатта: "Жамбыл облысының құрметті азаматы Жандар Кәрібайұлының қазасы туралы хабар менің де қабырғамды қайыстырды. Жаратушы Иеміз алдынан жарылқасын. Иманы саламат болғай. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан қайғыра көңіл айтамын.
Жандар Кәрібайұлы Алланың берген өлшеулі өмірін елдің қызметіне арнады және елдің бірлігі мен игілігі жолында бар күш-жігерін жұмсады. Алла Тағала Жандар ағамызды мейіріміне бөлеп, жанын жаннаттық еткей. Қазаның арты қайырлы болғай. Жаратқан Жабббар Иеміз артында қалған ұрпағына жар болсын. Әмин" - деген екен.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.