Бас мүфти көңіл айту жедел хатын жолдады

Бас мүфти көңіл айту жедел хатын жолдады

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла тағала қасиетті Құранда: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады», - деген "Әли Имран" сүресінің 185-аятында. Алладан келдік, Аллаға қайтамыз. Адам баласының дүниеден өтуі заңдылық. «Алла жандарды өлім кезінде (ажалы жеткенде) алады дейді. Санаулы ғұмырда әркімнің өз дүние салар уақыты бар. Дін жолында қызмет еткен молда Муксимов Абдисатар Махкамұлының бұ дүниемен қоштасуы жеткен екен.

Бүгін ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Қанат Жұмағұл мен "Һибатулла Тарази" мешітінің имамдары марқұмның отбасына барып көңіл айтты. Асқа қатысып, Құран оқып, сауабын бағыштап, Алланың ақиқат жолына өмірін арнаған дін маманының отбасына, туыстарына, жақындарына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының көңіл айту жеделхатын жеткізді. Хатта былай баяндалған:

"Жамбыл облысы Тараз қаласы «Миразиз» мешітінің молдасы, белгілі дін қызметкері Абдисатар Махкамұлының қазасы туралы қаралы хабар менің де қабырғамды қайыстырды. Жаратушы Иеміз Алла алдынан жарылқасын. Иманы саламат болғай. Марқұмның отбасына, туған-туыстарына өзімнің және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұжымы атынан қайғыра көңіл айтамын.
Абдисатар Махкамұлы Алланың берген өлшеулі өмірін имамдық қызметке арнады және елдің бірлігі мен игілігі жолында бар күш-жігерін жұмсады.
Киелі Әулиеата өңірінде 20 жылдан астам уақыт аралығында Ислам дінін насихаттауда, мешітті көркейту жолында қажырлы еңбек етті. Ол асыл дініміздің жанашыры еді. Қызмет еткен жылдары халқына, жамағатына сыйлы болды. Алла Тағала құлшылық үстінде қаза болған Абдисатар ағамызды мейіріміне бөлеп, жанын жәннаттық еткей. Қазаның арты қайырлы болғай. Жаратқан Жаббар Иеміз артында қалған ұрпағына жар болсын. Әумин" делінген.

Муксимов Абдисатар Махкамұлы (т.ж. 23.11.1952 – ө.ж. 09.02.2020) Тараз қаласындағы «Миразиз» мешітінің салынуына мұрындық болып, сол мешітте тапжылмай, 23 жыл бойы (1997 жылдан бері) имамдық қызмет атқарды. Қызмет еткен жылдары халқына, жамағатына сыйлы болып, талай шәкірт тәрбиелеп шығарған. Өзге мешіттерде жиі уағыз айтуымен есте қалған Абдисатар ағамыз Алланың қалауымен діни рәсімде (жаназада) уағыз айтып тұрған кезінде естен танып құлап, сол есіне келмеген күйі қайырлы өліммен дүниеден өтті. Халықты намазға ұйытқан молданың жаназасына 1000-даған адам қатысты. Ол кісінің елімізге, дінімізге сіңірген ерен еңбегін бағалаймыз. Алла марқұмды жаннаттық етіп, рақымына бөлесін. Артында қалған 3 ұл, 1 қызы мен жарына Алла сабыр берсін, Жаратқан жар болсын.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: