Қанағат - асыл қазына.

Қанағат - асыл қазына.

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 
Алла Құран-Кәрімде адамзатты жағымсыз түрде сипаттайды. Мысалға, адамды әлсіз дейді: «Негізінен Алла сендерге жеңілдікті қалайды. Өйткені адам баласы нашар жаратылған». («Ниса» сүресі, 28). 

«Сондай ақ ол, байлықты өте жақсы көреді». (Ғадиат сүресі, 8).

«Сондай-ақ малды өте-мөте жақсы көресіңдер». (Фажр сүресі,  20).

Қанағат араб тілінің сөзі. Мағынасы барына раз

ы болу дегенді білдіреді. Әсілі, қанағат дегеніміз не? Қанағат -Алладан өзгеден дәметпеу. Тек Алладан ғана үміт етіп, оған ғана тәуекел ету. Қанағат етуден адам өміріне келер пайдалар көп. Ол адамға бақыттылықты, рахат тұрмысты, тұрақтылықты, аманшылықты сыйлайды. (Лисанул араб,  11\321)

Жіктеп айтар болсақ олар мыналар:

Қанағатшылдық арқылы адам жүрегіне Аллаға деген иман тұрақтайды. Алланың әр нәрсеге өлшем қойғанына шын жүрекпен сенген кісі қолында түк болмаса да, Алланың разылығы үшін барының бағасын біліп, қанағат тұтады. Оның өмірі қай деңгейде өтсе де, ол Аллаға разы болады, Алла оған разы болады. Әйгілі ғалым Фудайл ибн Ғиад қанағат ету туралы былай түсінік береді:  «Зухдтың (дүниеден безіну) асылы Аллаға разы болу. Ал қанағатшылдық ол дүниеден безінуді де, оған ұмтылуды қатар қамтиды. Яғни қанағат еткен кісі зухдта бола алады. Сонымен қатар бай болып та өмір сүре алады».

Демек қанағатшылдық  аса құнды қасиет. Бірақ қанағаттың жөні осы екен деп, әрнәрседен безіп кетуге де болмайды. Ендеше тұрмысы нашар кедейді қанағатшыл деп, ал ауқатты бай адамды жөнсіз қанағатсыз деп ойлау да үнемі дұрыс бола бермейді. Себебі кедейдің бәрі қанағатшыл, ал байдың бәрі ашкөз емес. Бай бола тұра қанағатшыл болуға болады. Сондай-ақ кедей бола тұра қанағатсыз болуы да мүмкін. Себебі қанағат ету ол жүректің амалы. Иманы кемелденген, Аллаға шынайы сеніп тәуеккел еткен пенделердің ісі. Ол сенің қолдағы болған дүниеннің аз-көптігімен өлшенбейді. Қанағатшылдық адам  өмірін  қайырлы, табысты өтеді.

«Ер немесе әйелден кім сенген бойда түзу іс істесе, әлбетте оны жақсы тіршілікте жасатамыз. Әрі оларға істеген істерінен жақсырақ сыйлық береміз». (Нахл сүресі, 97).

Әли Ибн Аббас Хасан Алла разы болсын оларға бұл аяттағы «Жақсы тіршілік» деген сөзді түсіндіргенде, ол - қанағат еткен тіршілік деп анықтама береді. (Хасан Табаридің тафсірі 17\14).

Ибн Қаййм Ал-Жаузи айтады: «Қанағат етуші - өмірін әсемдейді, (барына разы болмай), Қиялдаушы тек қиялын арттырады».

Қанағатшыл кісі Алланың берген нығметтеріне шүкірлік еткен болады. Ал керісінше істесе, шүкірлігін жоғалтады. Бәлки Алланың ашуы мен азабына жолығып қалуы да ықтимал. Сол үшін де Алланың Елшісі С.Ғ.С. бізге мына сөзді көбірек өсиет еткен: «Адал әрі құдайшыл бол, адамдардан гөрі көбірек құлшылық еткен боласың. Қанағатшыл бол, адамдардан гөрі көбірек Аллаға шүкір еткен боласың». (Хадисті Ибн Мажа жеткізеді, №4217).

Ақиқатында кім өзіне берілген ризыққа ынсапсыздық танытса, ол сөзсіз сол ризықты беріп жатқан Алланың ісіне ашуланып жатқанмен бірдей болады. Бұл туралы Ибн Қутайбаның «Ғуиунул ахбар» кітабында келген мынандай ғибратты әңгіме бар. Бір кісі өз қауымына өзінің мүшкіл жағдайы айтып шағымдана берген екен. Оған қауымының бірі: «Ол расында оған рахымшылық қылған Алла туралы оған рахымшылық қылмайтындарға шағым айтып жатыр», - деп оны сөккен екен.

Қанағат етуші кісіге  ақиқатында дінімізде үлкен қуанышты хабармен үлкен табыс бар. Алланың Елшісі С.Ғ.С. айтады: «Ислам жолына түскен, өмірінде жетер-жетпес ризығы болып, соған қанағат еткен кісіге жаннаттағы Туба (ағашы) нәсіп болады».(Хадисті имам Тирмизи жеткізеді, 2249).

Алланың Елшісі С.Ғ.С. Ибн Умардан келген басқа бір хадисте: «Кім мұсылман болып, ризығы жетер-жетпес болса да, Алланың бергеніне қанағат тұтса, ол сөзсіз бақытқа кенеледі».(Хадисті имам Муслим  жеткізеді, №1054).

Қанағатшыл адам жүректі бұзатын, сауаптарды жоятын күнәлардан сақталады. Мысалға ол күнәлар: күншілдік, көреалмастық, қызғаныш, өтірік сөйлеу, шағыстыру, ғайбат айту, т.б осы сияқты дүние ахиретіне қауіпті істер. Қанағатшыл кісі ол әр кезде Алланың өлшеміне разы болады. Сол үшін ол біреудің қолындағы нәрсеге қызықпайды. Керек етпегеннен соң, ол оны күндемейді, ғайбат айтпайды да шағыстырмайды, яғни ауыр күнәлар жасаудан аулақ болады.

Әйгілі сахаба Абдулла ибн Масғуд айтады: «Алланың ашуымен адамдарды разы ете алмайтындығын анық емес пе? Алланың берген ризығына бола ешкімді күндеме. Алланың бергеніне бола, ешкімді сөкпе. Ақиқатында ризық тырысып еңбек еткендердің ісіне біте бермейді. Не жек көргендердің ісімен тоқтап қалмайды. Ризық - ол Алланың өлшемі. Алла оны әділдігімен, даналығымен, білімімен әркімге бөліп қойған. Алла тыныштықпен жан бақытын шынайы сеніммен, ризалыққа, яғни қанағатшылыққа дарытқан. Ал қайғымен қасіретті күдікпен, шағымға, яғни  ашкөздікке қанағатсыздыққа бұйыртқан. (Ибн Абу Дуниа «Яқин» кітабы, 118 б).

Қанағат ету шынайы байлықтың қайда екендігін түсіндіреді. Құран-Кәрімнің  «Дұха» сүресінде Алла асыл пайғамбары Мұхаммад С.Ғ.С.-ға, өзінің берген нығметтерін тізбелей келе, біз сені кедей едің, байытпадық па?, - деп ишара жасайды. Ғалымдар бұл аяттағы Алланың байытуы, ол жан байлығы, яғни қанағатты дарытуы деп түсіндіреді. Себебі, Пайғамбарымыз Мұхаммад С.Ғ.С Медине дәуіріндегі Хайбар ұрысына дейін тарихта кедей өмір сүргені анық. Ал Құранның бұл сүресі Мекке дәуірінде түскен. Сол үшін бұл жерде Алланың берген байлығы жан байлығы -  қанағатшылдық. (Фатхул Бари Ибн Хажар Асқалани, 277\11). Кейбір тафсіршілер Мұхаммад С.Ғ.С Мекке дәуірінде Хадишаның дәулетімен материалды тұрғыда байыды. Ал  қанағатшылдығымен рухани тұрғыда да байыды деп те түсіндіреді. Мағынасы Аллаға мәлім. Шынайы байлық туралы Алланың Елшісі С.Ғ.С. бізге жеткен көзқарасы бүгінгі біздің ойымыздан әлдеқайда бөлек.

Алланың Елшісі С.Ғ.С. айтады: «Мал-мүліктің көптігімен кісі бай болмайды. Жан дүниесінің байлығымен кісі ақиқи бай болады». (Хадисті имам Бухари жеткізеді, №6446).

Сондай-ақ басқа осымен астарлас сөзінде, Алланың Елшісі С.Ғ.С. Абузардан сұрайды

•-          Ей,Абузар,Мал-мүлкі көп кісіні сен бай деп санайсың ба?

•-          Я, Алланың Елшісі С.Ғ.С. - деді.

•-          Мал-мүлкі аз кісіні кедей деп санайсың ба?

•-          Я, Алланың Елшісі С.Ғ.С.- деді.

Ақиқатында байлық ол жанның байлығы, ал кедейлік жанның кедейлігі», - деп жауап берді. (Хадисті имам Ибн  Хаббан жеткізеді, №685).

Бұл әлбетте өмірдің ақиқаты. Қанша кісінің қолы көкке, аяғы жерге тисе де, ішкі дүниесінде таршылықта өмір сүріп жатыр. Бар тапқан дүниесі қасіретке шалдықтырып, жан дүниесін ойран-топанын шығарып жүр. Үлде мен бүлдеге оранса да кигені кебіс, ішкені желім болып не істерін білмей аласапыран күйге де түсіп жүр. Тапқан дүниесі бақ емес, сор болып жабысып, күні түнге түні күнге ұқсамай, жетпес дүние түбіне жете алмай, денсаулығын да құртып алды. Сырт келбеті адам қызығарлықтай бай болып көрінсе де, тар пейіл, тойымсыз, ашкөз нәпсісінің кесірінен жарлыдан жаман күйді кешіп отыр. Бұл жаны байымай малы байыған қанағатсыз ашкөз байлардың ішкі дүниесі. Ал қанағатшыл, үнемшіл байлардың өмірі әлбетте бұған ұқсамайды.

Хазіретті Омар мінберге шығып уағыз айтқанда былай деп айтқан дейді: «Расында біреуден дәмету кедейлік. Ал адамдарға қол созбау байлық. Кімде-кім адамдардың қолындағы дүниеден дәметпесе, ол адамдарға қол жаймайды».

Әйгілі сахаба Сағид ибн Әбу  Уаққас баласына былай деп өсиет етіпті: «Ей, балам, егер сен Алладан байлық сұрасаң, қанағатты сұра. Ол ақиқатында таусылмайтын байлық». (Ғуиунул ахбар кітабы,  207\3).

Кейбір даналардан: «Байлық деген не?», - сұрағанда, олар: «Аз арманың, қолда барына ризашылығың», - деп, жауап берген екен. (Ихиа Ьулумуддин,  212\4).

Қанағат ету абыройынды арттырады, ал дәмету керісінше сені қор етеді. Қанағатшыл кісі өзгелерге мұқтаж болмайды. Сол үшін ол олардан еш нәрсе дәметпейді. Осы ісі үшін адамдар да оны құрметтей бастайды. Бұл туралы Саһил ибн Сағидтен марфуғ келген хадис бар. Алланың Елшісі С.Ғ.С. айтады: «Шындығында мүміннің құрметі түнгі намазында, абыройы адамдарға қол жайып, мұқтаждық танытпауында». ( Хадисті имам Хаким жеткізеді, №324\4).

Мұхаммад ибн Уасиғ  Алла рахым етсін бір күні қатқан нанмен су ішіп отырып: «Кім бұл нәрсеге қанағат етсе, ол ешкімге мұқтаж болмайды», - деген дейді. (Ихиа Ьулумуддин, 293\3).

Хафиз ибн Ражжаб айтады: «Мен Алланың Елшісі С.Ғ.С.-нан адамдарға мұқтаждық танытпау, олардан сұраудан сақсыну туралы көптеген хадистерді оқыдым. Кім адамдардан бір нәрсе сұраса, табиғаты ұнатпайды, тіпті жек көріп те қалады. Расында адам баласына мал-мүлік жанына сүйкімді көрінген. Кім оның сүйгенін сұраса, сондықтан да көбінесе жек көріп қалады». (Жамиғул ьулум, 168\2).

Әсіресе ғалымдар имамдар өзгелер алдында абыройлы болу үшін, ешкімнен еш нәрсе дәметпегені дұрыс болады. Бір араб Басра тұрғындарының бірінен: «Сіздердің араларындағы ең құрметті мырзаларың кім?» - деп сұрады. Олар: «Хасан Басри», - деп айтты. Ол: «Сіздер не үшін ол кісі құрметті көресіңдер?», - деді. Олар: «Ол кісінің іліміне адамдар мұқтаж болып іздеп барады. Ал ол олардың дүниесінен қажетсінбейді. Яғни олардан еш нәрсе сұрамайды». (Жамиғул ьулум,  169\2).

Бабамыз қазақ халқы тек атауы ғана мұсылман ғана емес, ақиқатында дінді түбірімен қабылдап, шынайы мұсылман болған. Иманның шыңына шығып, дінді өмірлерінің болмысына айналдырған. Оған бір мысал, осы қанағатшылдық туралы көзқарасы. Қанағатшылдық ол қазақ халқының руханиятының бір болмысы. Халық ауызында қанағат тұрғысында мақал-мәтелдер, өнегелі өсиеттер көп сақталған. Мысалға:

Ер азығы - қанағат.

Барға қанағат ет.

 

Қанағат қарын тойғызар,

Қанағатсыз жалғыз атын сойғызар.

 (Майқы би)

 

Қанағатсыздың көзі үлкен, ақылсыздың сөзі үлкен.

 

Қанағатсыз жан пілге оқталған жалын.

 

Тойсаң тоба қыл.

 

Тойсаң тобаңнан жаңылма.

 

Тізеден суға, белден тоба.

 

Ынсап сайын береке.

 

Барымен базар.

 

Елің жүрсін есіңде - мал мен баққа есірме,

Мал мен баққа есірсең - кез боларсың кесірге.

 

Өлгеніңше - тою жоқ, түңілмей - ырза болу жоқ.

 (Шортанбай Қанайұлы)

Қолдағыға қанағат-шүкір қылмасаң,

Болады бар да - арманда, жоқ та - арманда.

(Сүйінбай Аронұлы)

Қайран менің өз үйім - кең сарайдай боз үйім.

( Жиренше шешен)

Мың асауға бір тосу.

Асқанға аспан да аласа.

Алғыға қарап пікір ет,

Артқыға қарап шүкір ет.

 

Қазақ  халқының тарихына үңілсек, бұл халық тек сөз жүзінде ғана емес, жалпы тұрмыс тіршілігінде өте иманды, Аллаға шүкірі көп, қанағатшыл болғанын байқаймыз. Оған қазақтың ауыз әдебиетінде пір тұтқан рухани тұлғалары би-шешен, ақын-жыраулардың өмірбаяндарын оқысақ  жеткілікті. Олардың көбісі орта не кедей тұрмыста өмір кешкен. Байлықты өмірінің мақсаты деп түсінбеген. Керісінше ісімен де сөзімен де қанағатшылдықты, Аллаға шүкіршілікті насихаттап кеткен.

Қазіргі біз өмір сүріп отырған уақыт, қазақ халқының алтын бір дәуірі десе де болады. Қазақ халқы тарихында сұмдықтың неше түрін көрген. Соғыс, нәубет, аштық, саяси қуғын-сүргін... Бірақ солай бола тұрса да, құбыласынан жаңылып, ынсаппен иманды ұмытпаған. Сол үшін бүгінгі күн Аллаға шынайы түрде шүкір ететін күн. Алайда біз бүгінде Алладан бабаларымыз көрмеген жақсылықты көріп отырсақ та, ынсаб пен қанағатты ұмытып бара жатқандаймыз. Аллаға құлшылығымыз әлсіреп, кезіндегі құнды қасиеттерімізден арылып бара жатырмыз.

Өткенге үңілмей-ақ, бүгінгі күнге-ақ қарайық. Жер бетінде бір үзім нанға зар болып жүрген жандар да бар. Ал біз ше, не жеймін, не ішемін демейміз. Тойынғанымыз сондай, жеген асымыз аузымызда, жеп үлгере алмағанымыз қоқыста жатыр. Бүгін аш жатамын деген ой санамызға да кіріп шықпайды. Тіпті қоқысқа тастаған нанымызды қазір итімізде жемейді. Өйткені иттердің өзі тойдан төгілген етті жеп тоқ. Жер бетінде жанын сақтаймын деп жүрген жандар қаншама. Еліне соғыс нәубеті төніп, жер асы төгіл, шыбын жанын қалай қорғауын білмей абдырап жүр. Ал біз ше аспанымыз ашық, қарнымыз тоқ, көйлегіміз көк. Өз үйімізге тыныш кіріп, тыныш шығамыз.

Бірақ солай болса да, біз бұл игіліктердің қадірін бағамдай алмай отырмыз. Құран айтқан адамзаттың жағымсыз мінездерден арыла алмай, ашкөз, тойымсызбыз. Қолымызға дәулет біткен дүниенің түбіне жететіндей шектен тыс құнығып бара жатырмыз. Обал, сауапты, қайыр-ихсанды ұмытып барамыз. Қайыр іске дүние жұмсағанның өзінде, оны Алла разылығы үшін емес, көпе-көрнеу көзге  көрініп қалу үшін аласұрамыз. Ал дүние бітпеген кісінің ашкөздігі бай кісіден де қиын болып тұр. Барына қанағатсыз, бар тапқанын араққа жұмсап, қолы балғадай, тепсе темір үзетін жігіттердің өзі жалқаулыққа бейімделуде. Жарлы болса да арлы бол деген бабалар даналығын ұстанбай, ұрлыққа, парақорлыққа, жеңіл табысқа ұмтылуда. Немесе өзі адал табысқа ұмтылуды ар санап, өзгелер ішіп қойды, жеп қойды деп барды күндеумен өмірін өткізуде. Сөздің тоқ етері, бізде қазір бәрі жеткілікті. Тек бізге Аллаға шүкірмен қанағатшылдық жетіспейді. Ашыққаннан құныққан жаман дегендей, ынсабсыздығымыз басым. Ләйім Алла бізге осы істі ақырын қайырлы қылғай! Қанағат деген асыл қасиетімізді ұмытпайық ағайын!

 

Алмас Кенжемолдаев,

Жуалы ауданының бас имамы.

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: