Имам Ағзам Әбу Ханифаның маскүнем бір көршісі бар еді. Күнде дабырлап сөйлеп, жанұясында жанжал шығарып, түнімен ұйықтамай ел-жұрттың да, имамның да мазасын алады екен. Сол көршісі бірде абақтыға қамалады. Имам болған мән-жайға қаныққан соң, қаланың әкіміне жолығып, көршісін босатып алыпты.
Екеуі бірге қайтып келе жатқанда, өзінің бұл қылығына ұялған жігіт: «Өзіңізге жамандығы болмаса, жақсылығы жоқ адамды неге босатып әуреледіңіз?» - деп сұрапты.
Сонда Имам Ағзам: «Жігітім, сен қандай адам болсаң да, менің көршімсің. Көршіге жақсылық жасау – мұсылмандардың міндеті. Мен өз міндетімді ғана орындадым. Қайта кешірек естіп, кештеу қамдандым ба деп өкініп келемін», – деп жауап беріпті. Мұны естіген әлгі жігіт тәубаға келіп, имамның шәкірті болған деседі.
asyldin.kz