Тараз қалалық «Айсұлу ана» мешітінің ұжымы ұйымдастыруымен дәстүрлі уағыз дастарханы жайылып, қала имамдары мен жамағат қонақ болды. Көпшілікке «Құлбай баба» мешітінің имамы Талғат Асанұлы кіші қажылықтың артықшылығы мен өтелу реті туралы уағыз айтты.
Мұсылманның бесінші парызы-қажылық, ал умра қажылығы сүннет болып табылады. Қажылық деген – орындалуы өте ауыр, қиындығы мен машақаты қыруар, әрбір мұсылманнан жоғары жауапкершілікті талап ететін – Алланың қатал сынағы. Адамды сабырлылық пен төзімділікке, шыдамдылық пен шүкіршілікке, кішіпейілдік пен ізгілікке тәрбиелейтін теңдесі жоқ құлшылық рәсімдері. Қажылықты дұрыс атқарған адамның бақи дүниедегі сыйы жаннат екенін, ал фәни дүниедегі сыйы ретінде үзілмейтін ризық пен кедейліктің ауылынан алыс болуы, сонымен қатар күллі күнә-кемшіліктердің қызған темірге тамған су тамшысындай жойылып, мүминнің анадан туған сәбидей пәк қалыпқа түсетіні жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде айтылған. Рәсімді өтеушілер түр-түсіне, байлығына, мансабына, атақ-дәрежелеріне қарамай бір кісідей жақындасып, жер бетіндегі барша мұсылмандардың қайғы-қасіреттеріне ортақтасуына әрі бірлікте Аллаға ұмтылуларына Жаратқанның өзі мүмкіншілік жасайды.
Қажылық парызын өтеуге келген әрбір мұсылман Алланың қадірлі қонағы. Алланың құлына, Алланың құрметті қонағы болудан артық қандай бақыт болуы мүмкін.
«Кеңесхан қажы» мешітінің баспасөз қызметі