ДІНИ САУАТТЫЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫНА АРНАЛДЫ

ДІНИ САУАТТЫЛЫҚТЫҢ МАҢЫЗЫНА АРНАЛДЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Cарыкемер мектеп-гимназиясында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімнің ұйытқы болуымен аудандық ақпараттық-түсіндіру топ мүшелеріне арналған оқыту семинары өтті.

Оны аудан әкімінің орынбасары Дәуір Дәулетов ашып, діннің қоғамдағы маңызын алға тарта отырып, ұйымдастырылып отырған семинар келелі мәселені қозғап, пайдалы болатындығын жеткізді.

Алғашқы сөзді алған Жамбыл облыстық Дін проблемаларын зерттеу орталығы ақпараттық түсіндіру және жоспарлау бөлімінің басшысы Ерзат Жақыпов “Қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етудегі діни сауаттылықтың рөлі” тақырыбында мағыналы баяндама жасады. Баяндамашы ХІХ және ХХ ғасырлардағы діни сауаттылықты арттыру бағытындағы қолға алынған жұмыстарға, орта ғасырларда діни білімді таратқан ғалымдардың ерен еңбегіне екпін салды.  Қазақ жерінде діни білімнің қалыптасуы мен дамуын нақты деректерге сүйене отырып,  орта ғасырлық жазба мәліметтерінде бір ғана Баласағұн қаласында 40 мешіт, 20 медресе болғанын, КСРО кезінде, яғни 1960-1980 жылдар аралығында  елімізде 28 мұсылман мешіті жұмыс жасағандығын атап өтті. Тәуелсіздік жылдарындағы діннің өркен жаюынан ақпарат бере келе, еліміздегі және Жамбыл облысындағы діни ахуалға тоқталды. Діни иммунитетті қалыптастыру жолдары мен оның маңыздылығын, көпұлтты елімізде қоғамдық келісім мен тұрақтылықты қамтамасыз етуде діннің алатын орнын, мемлекеттің зайырлылық ұстанымдарын сөз етті. “Һибатулла Тарази” мешітінің наиб имамы Бақтияр Амиреев “Ислам дінінің негіздері мен Исламның бүгінгі әлемдегі орны» жайлы әңгіме қозғап, 5 негізге құралған ислам дінінің мақсаты мен «ислам» сөзінің мағынасын кеңінен түсіндірді. Облыстық Дін проблемаларын зерттеу орталығы БАҚ пен байланыс орталығының бөлім басшысы Нұрым Қуанышев БАҚ және интернет көздері арқылы дін саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру және діни экстремистік мазмұндағы контенттерге қарсы насихат жұмыстарын жүргізу барысын әңгімеледі.

Баяндамашы жылдан-жылға әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны артып отырғанын,  аталған желіге 1 рет қана қазақстандық  2,5 млн. азамат кіріп, қажетті ақпаратын алатындығын айтты. Интернеттен дінге қатысты ақпаратты дұрыс алу жолдарын  түсіндіріп, алдағы уақытта еліміз бойынша аналитикалық интернет карта жасалынып, интернет пайдаланушының ақпаратты қайдан алып отырғаны зерделенетіндігін жеткізді. Оңалту орталығының бөлім басшысы Сержан Құлтаев “Деструктивті діни ағымдардың негізгі ұстанымдарына контраргументтер туралы” тақырыбында жасаған баяндамасы жиналғандардың қызығушылығын тудырды. Сержан Пәрімұлы  деструктивті діни ағымдардың негізгі ұстанымдарына тойтарыс беру әдістерін, АТТ-ның басты міндеті - халыққа деструктивті ағымдардан қорғану жолдары мен медиатұтынуды дұрыс пайдалану, халықтың діни сауаттылығын арттырудың өзектілігін жеткізді.

Жастар бойына отансүйгіштік қасиетті, ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрлерімізге, тарихымызға деген құрметті қалыптастыру, ар-ұят, намыс, обалдың қасиетін ұғындыру, кереғар ағымдарға қарсы тұратын бірыңғай иммунитетті қалыптастыру жайына басымдық берді. Жамбыл облысы әкімі аппаратының терроризмге қарсы қызмет үйлестіру басшысы Батырбек Атамқұлов  күн тәртібіндегі мәселеге байланысты ойымен бөлісті.

Жиын қатысушыларының назарына аталған тақырыптар бойынша слайдтар  көрсетіліп, кері байланыс орнатылды.

Семинар соңында ақпараттық түсіндіру топ мүшелеріне марапат көрсетілді.

Гүлшаһар Ермұратова,

Байзақ ауданы.

 

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: