Тараз қаласындағы «Давруш ата» мешітінің имамы Салижанұлы Жаваттың ұйымдастыруымен уағыз дастарханына қала имамдары мен жамағат шақырылды. Жиналған көпшілікке облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы Бақытұлы Нұралы жәннатқа жетелейтін жол туралы уағыз айтты.
«Раббыларыңның жарылқауына және тақуалар үшін әзірленген, кеңдігі жер мен көктей жаннатқа жарысыңдар» (Әли Имран 133).
Жаннат – иман еткендер мен тақуалардың отаны, ол – Алланың жомарттығы байқалатын орын, ол шексіз бақыт мекені. Адамдар жаннатқа қызықсын деп, оған қол жеткізуге тырыссын деп Құран Кәрім жаннатты молынан сипаттаған, оның артықшылықтары мен шексіз нығметтеріне кең тоқталған. Құран жаннаттың дәрежелерін де, қақпаларын да, онда жаннат тұрғындары немен азықтанатынын да, сулары мен өзендерінің түрлерін де, киімдері мен әшекейлерін де түгелдей баяндаған.
Имам Термизиден жеткен хадисте былай дейді:
«Муаз ибн Жабал айтты: «Мен Расулалламен (с.ғ.с.) бірге сапарға шыққан едім. Кетіп бара жатқанымызда Расулаллаға (с.ғ.с.) жақындап:
– Я, Алланың Елшісі, мені жәннатқа кіргізетін және тозақтан алыстататын істің хабарын берші», – дедім.
– Шын мәнінде ұлы нәрсені сұрадың. Ол Алла лайықты қылған адам үшін өте оңай: Аллаға ғибадат қылуың, Оған еш нәрсені серік қоспауың, намазға тұруың, зекет беруің, Рамазан айында ораза ұстауың, қажылық қылуың», – дейді ұстаз өз сөзінде.
«Кеңесхан қажы» мешітінің баспасөз қызметі