Мәуліт - мейірім мерекесі

Мәуліт - мейірім мерекесі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мәуліт – сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) өмірге келген айы. Бұл айда діни жиындар өткізіп, Аллаға мадақ, Мұхаммед Пайғамбарға (с.ғ.с) салауат айтудың маңызы зор. Алланың елшісін еске алуға арналған Мәуліт мерекесін аудандық «Бәйдібек» мешіті аудандық Мәдениет үйінде ұйымдастырды. Іс-шара­ға мешіт имамдары, ардагерлер, әртүрлі сала қызмет­керлері, жастар  қатысты.

Жүректерге нұр құйып, ізгілік әлеміне жетелейтін Мәуліт мерекесінде «Әулие ата» мешітінің имамы Ораз Баймаханов «Мәуліт жырын» оқыса, Айшабибі ауылдық мешітінің имамы Қатарбай Тәжібаев құран оқыды. Бұдан кейін облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаев Пайғамбар атына салауат айтып, жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтады. Пайғамбарымыздың өмірлік ұстанымдары туралы біраз мағлұматтар айтты.

– Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыт» деген мағынаны білдіреді. Азаматтың асылы, пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардың (с.ғ.с) туған уақытына байланысты өткізілетін іс-шара мәуліт деп аталады. Пайғамбарымыздың туылған күнін қасиетті мереке ретінде атап өту ислам әлемінде 4, 5-ші ғасырлардан басталған. Пайғамбарымыздың өнегелі өмір жолы барынша қыр-сырымен насихатталып, үмбетінің Алла елшісіне деген сүйіспеншілік сезімдері одан әрі күшейтіле түседі. Ол адамзат тарихын күрт өзгертіп, рухани әрі қоғамда ұлы төңкеріс жасады. Адамдардың ой-санасын ақиқатқа жетелеп, жүректеріне мейірім мен рақым сыйлады. Мұхаммед Пайғамбар (с.ғ.с) дүниеге келгенде, Иранда мыңдаған жылдардан бері жанып тұрған отқа табынушылардың алауы өздігінен сөніп қалды. Бұл тегін емес, бір Құдайға деген сенімді нықтайтын таухидтың мысы еді. Осы шарапаты мол мәуліт мерекесі құтты болсын дейміз. Осынау айтулы мереке аясында Алла елшісін көбірек танып, өсиеттерін тереңірек түсінуді  нәсіп етсін. Осы мереке адамдар арасындағы рақым-мейірімнің, имандылықтың, бауырмалдықтың арта түсуіне бір сеп болғай. Пайғамбардың әміріне мойынсұнып, тыйымынан тыйылуға түрткі болғай.

Мәуліт айында Алланы мадақтап, Пайғамбарға салауат айтып, өзгелерге жақсылық жасаудың сауабы теңдессіз. Құран оқып, Алла елшісінің өмірі мен өнегесі жайлы кітап оқудың да мұсылманға берері мол. Алла елімізге, жерімізге берекетін жаудырып, халқымыздың кең пейілі мен ізгі ниетіне сай, бірлігімізге сызат түсірмей, жақсылығын нәсіп еткей. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, мемлекетіміздің мерейі үстем, еліміздің егемендігі баянды болсын, – деген Ержан Маханұлы ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбековке Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Жамбыл облысы бойынша бас имамның  алғыс хатын табыс етті.

Келесі кезекте сөз алған аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Мадияр Сәмбетов Пайғамбарымыздың өнегелі өмірі, ғибратты ғұмыры жайында салмақты сөз сабақтап, көпшілікті мейірім мерекесімен құттықтап, дін саласына сіңірген және көп жылғы жемісті еңбегі үшін облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің наиб имамы Ержан Аманбаевқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті. Ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Әмірбековке аудан әкімінің Құрмет грамотасын, Шайдана ауылындағы «Сәтбай ата» мешітінің имамы Тұрғынбек Оңғарбаевқа, Өрнек ауылындағы «Рәпілбек» мешітінің имамы Оңласын Атыхаевқа, Шайқорық ауылындағы «Айдарбек ата» мешітінің имамы Тұрар Ахметовке, Айшабибі ауылдық мешітінің имамы Қатарбай Тәжібаевқа, Жалпақтөбе ауылындағы «Тұрғани» мешітінің имамы Рахматулла Каримовқа, Бектөбе ауылдық мешітінің имамы Ғани Таңатаровқа аудан әкімінің Алғыс хатын табыс етті.

Шара соңында аудандық Мәдениет үйінің өнерпаздары адамға ой салатын «Дүние керуен», «Пайғамбарды сағындым», «Бір көш кетіп барады» әндерін нақышына келтіре орындаса, «Дарын» халықтық театры сахналаған «Ата-ана қадірі» атты қойылымы көпшіліктің көңілінен шықты.

Нұрасыл СҰЛТАНБАЕВ,

«Шұғыла».

   

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: