Бүгін "Һибатулла Тарази" мешітінде ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен облыстың бас ұстазы Гүлжан Алдасаеваның бастамасымен Құран хатым оқылып, дұғасы жасалды.
Хатым дұғасының құрметіне жамағат дастархан басында бас қосып, хатымды тәуелсіздік жолында қыршын кеткен боздақтарға бағыштады.
Талай қазақ қыздары мен жігіттерін арамыздан алып кеткен "Құйын − 86" деген атпен желтоқсан оқиғасы баршамыздың мәңгі есімізде қалады. Егеменді еліміздің келешегі үшін жанын пида еткен батыр жастарды ұмытпаймыз!
Тәуелсіздік арқылы дініміз еркіндік алды. Мешіттерде азан даусы жаңғырып, даламызда намаз бен басқа амалдар еркін жасалуда. Бодандықтан азат еткен күнді, соған қасқалдақтай жанын қиған жандарға Алладан дұға тілеп, бір "фатиха" болсын оқу оларға деген құрметтің белгісі.
Міне, осы мақсатпен Құран хатымының дұғасын боздақтарға бағыштаған әйелдер жамағаты, шара соңында ас үстінде әсерлі уағыз тыңдап, имандасты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.