Т.Рысқұлов ауданы аудандық мәдениет үйінде аудан имамы Джадраев Сұлтаншәріп қажының ұйымдастыруымен адамзаттың ардақтысы, көркем мінездің өшпес үлгісі Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың туылған күніне орай Мәуліт мерекесі аталып өтті.
Бірнеше ғасырлардан бері тойланып келе жатқан бұл мерекенің басты мақсаты Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбарымыздың іс-әрекеттерін насихаттау, салауаттар айту, жастарға имандылық қағидаттарын түсіндіру, оларды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, адамгершілікке, ата-ананы құрметтеуге және түрлі теріс қылықтардан сақтануға шақыру болып табылады. Ұлық мереке Жаратушы Алла тағаланы мадақтауға бағытталған Құран Кәрім аяттарынан бастау алды. Салтанатты шараға арнайы келген аудандық ардагарлер кеңесінің төрағасы Бижанов Қожайхан Мәуліт мерекесін атап өтудің пайдасына тоқталды. Аудан имамы Сұлтаншәріп қажының айтқан уағызын ұйып тыңдап, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с) исламды таратудағы басынан кешкен жағдайлардан кең мағлұмат алды. Кешке арнайы шақырылған Ә.Бөкейхан атындағы мектеп оқушылары Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін айтып, Басқар Битанов атындағы театр әртістерінің көріністері кешке көрік берді.
Тараз қаласынан келген «Аулие ата» мешітінің имамы Баймаханов Ораз Луговой кенті «Әлхақ» мешітінің имамы Сабырханов Умбет мәуліт дұғасын оқып, Пайғамбарға салауат айтты. Мәуліт кешіне келген көпшілікке тегін кітаптар таратылды.
Әбілда Мейірханов