Облыстық «Һибатулла Тарази» мешіті және аудан, қала мешіттерімен бірлесе отырып «Рухани құндылықтар елдікке бастайды» тақырыбындағы аймақтық имамдар форумын өткізді.
Бүгінгі таңда халқымыз егемендікпен бірге өзінің дәтүрлі мәдениетіне, діліне, тіліне толыққанды ие болды. Өшкені жанып, ұмытқаны жадына қайта жаңғырды. Мұның өзі еліміздің ұстанған бағытының дұрыстығын, ата жолдан айнымағандығын білдіреді. Ұлттық табиғатымызбен сабақтас шариғат жолындағы мазһабымыз, сенім мектебіміз жоғалтқанымызды түгендеп, үзілгенімізді жалғап берді. Егеменді елдің рухы мықты, елінің , жерінің қадірін білетін, көркем мінезді, қуатты болуы, – білім мен бірлікте екендігіне талас жоқ. Осы орайда Әулие ата жерінде өтіп жатқан аймақтық имамдар форумы тұрақтылығымызды нығайта түсуді көздейді.
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті хадис-шарифінде: «Білім мен хикмет мұсылмандардың жоғалтқан қазынасы, қай жерден тапса да иемденіп алсын», – деген. Форум халықты, мұсылман жамағатын білім алып, қағамға пайдалы болуға, отансүйгіштікке, ізгілікке, бірлікке, мейірімділікке, еңбекқорлыққа, т.б. адамгершілік құндылықтарға үндейді.
Форумының мақсаты – ІІІ республикалық имамдар форумында қабылданған «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі», «ҚМДБ құрылымындағы діни лауазымдар тізілімі және міндеттері», «Жеті рухани қазық» тұғырнамасын насихаттау.
Форумды ұйымдастырушы Жамбыл облысының бас имамы Жұмағұл Қанат Әділханұлы Өз сөзінде: «Мұсылман өміріндегі ислам діні құндылықтарының орны мен рөлін арттыра отырып, халқымыздың әлеуметтік жауапкершілігін нығайту. ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бастамасына орай қоғамға рухани құндылықтарды насихаттау арқылы көп ұлтты Қазақстандағы мұсылман үмбетінің бірлігі мен біртұтастығы жайында ортақ түсінік қалыптастыру»-деді.
ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуә бөлімі меңгерушісінің орынбасары Аманқұлов Хасан Ташайұлы Асыл дініміз Исламның құндылықтарын халқымызға сөзімен де, амалымен де үлгі болып жүрген дін қызметкерлерінің лауазымдық тізілімдері және міндеттерін Форумға жиналған қонақтарға таныстырып өтті.
Форумның құрметті қонағы Облыс әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Жангелді Омаров Өз сөзінде: Құрметті қонақтар мен форумға қатысушылар! Тәуелсіздік алғаннан бері, елімізде діннің рөлі айтарлықтай өсіп, азаматтардың, әсіресе жастардың дінге бетбұрысы, қоғамдағы белсенділігі артып келеді. Бізде тарихи тұрғыда қалыптасқан ислам діні бірізділігімен, төзімділігімен және дәстүрімізбен астасып жатуымен ерекшеленеді.
«Іргелі елдің іргесін есер ағым бұзар» дегендей, бүгінгі таңда деструктивті діни ағымдардың ел арасына етене еніп, жастардың санасын улап жатқаны да барша жұртты алаңдатып отырған күрделі мәселе. Бұл үрдістің тамырына балта шауып, ұлағатты ұрпақ тәрбиелеуде зайырлы білімді ұлттық құндылықтарымызбен сабақтастыра отырып түсіндіру – баршамыздың басты мақсатымызға айналуы тиіс, деді,
Форум соңында Жамбыл облысынының бірқатар аудан, ауыл имамдары марапатталды. Атап айтқанда, Форумға арнайы келген ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуә бөлімі меңгерушісінің орынбасары Аманқұлов Хасан Ташайұлы Талас ауданына қарасты барлық мешіт имамдарының жұмысын бір жүйеге келтіріп, аудандағы діни жағдайдың бірқалыпты болуына өз үлесін қосып жүрген Талас аудандық «Қаратау» мешітінің бас имамы Алиев Нурсултан Қалдархановичке, Дүнген ұлтының диаспорасының құрметті мүшесі, молдалық қызметпен қатар еліміздегі әтностардың ауызбіршілігіне аянбай қызмет жасап жүрген Қордай ауданы, Сортобе ауылдық «Хамид бин Бадый» мешітінің молдасы Паншаров Губар Сулеевичке, Сондай - ақ Облысымыздың шалғай ауданында діни тұрақтылықтың сақталуына және өскелең ұрпақтың сауаттануына аянбай еңбек етіп жүрген аудандық «Жанатас» мешітінің ұстазы, «Һибатулла Тарази» медресесінің түлегі Тұрсынбеков Самат Мирәсілұлына имандылық жолдағы қызметтеріне сәттілік тілеп, ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Сатыбалдыұлының алғыс хатын табыс етті.
Аймақтық имамдар форумына ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы бас имамы Жұмағұл Қанат Әділханұлы, Жамбыл облысы әкімдігі дін істері басқармасының басшысы Омаров Жангелді Жайлауұлы, ҚМДБ-ның Шариғат және пәтуә бөлімі меңгерушісінің орынбасары Аманқұлов Хасан Ташайұлы, Жамбыл облысы бойынша қала, аудан бас имамдары, өңірдегі 112 дін қызметкері және аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, қоғамдық кеңес мүшелері, БАҚ өкілдері, «Һибатулла Тарази» медресесінің ұстаздары мен шәкірттері қатысты.
«Һибатулла Тарази» мешітінің
наиб имамыЖапек Ғалымбек