ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы Әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен қазақы қара өлеңнің қариясы атанған дара Абай Құнанбайұлының 174 жылдығына орай дөңгелек үстел өтті.
Сектор жетекшісі Гүлжан Алдасаеваның ұйытқы болуымен "Һибатулла Тарази" мешітінің қыздар сауат ашу курсының шәкірттері мен Тараз Педагогикалық Университетінің студенттері қатысқан жиын әдеттегіден ерекше форматта оқырманның жүрегіне жол тапты.
Мәжіліс залында емес, дәмханада ас үстінде өткен дөңгелек үстел жастардың діни тәрбиемен тығыз байланысқан қазақтың көркем әдебиетін оқуға деген ықыласын арттырып қана қоймай, діни тәрбиені тарихымыздағы ғұламалардың, шығыс шайырларын оқып, дінді санасына тоқып өскен ұлтымыздың дана тұлғаларының шығырмаларынан да үйренуге жол көрсетті.
Күллі қазақтың мақтанышына айналған Абайдың өлеңдері мен ғибратқа толы қара сөздері, саналы ғұмыры жайлы сүбелі сөздер айтылып, отты өлең шумақтары оқылды. Абай шығармасы талқыланып, халыққа қалдырған мұрасының астары ақтарылды. Туындыларының мән-мағынасы түсіндіріліп, мәйекті даналық сөздерінің исламмен байланысы талданды.
Шара соңында барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен кітаптар сыйға тартылды.
"Ислам діні қазақтың әрбір шығармасында, әр ақын-жазушы, жыраудың туындысында көріс тапқан. Қайбір романды, қайсыбір жанрдағы кез келген туындыны оқысаңыз да мұсылмандық насихатталып тұрғанын анық байқайсыз. Сөздің басын "Алламен" бастаған қазақ ақын-жазушыларының шығармаларын оқи отырып, ата дініміздің тек тәуелсіздіктен кейін емес, сонау бірнеше ғасырлардан бері даламызда орнап келе жатқанын түсіну маңызды. Жастарға діни сауаттылықты үйреткенде тек шариғи заңдылықтарға ғана жүгініп қоймай қазақы әдебиеттің қойнауындағы қазыналарды оқыта отырып түсіндіргеніміз әлдеқайда нәтижелі болмақ," - дейді ардақты Ұстаз Гүлжан Алдасаева.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.