"Тұрсынбай ата" мешітінде айлық дастархан өтті

"Тұрсынбай ата" мешітінде айлық дастархан өтті

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбылдық жамағаттың жақсы жиыны бар. Ол - ай сайын дастархан басына жиналып, исламтанушы мамандардың әсерлі әрі қоғамдағы мәселелерде дәтке уақ, жыртыққа жамау болған қарымы мықты уағызын тыңдау.

Осындай кезекті игі іс-шара Тараз қаласына қарасты Шөлдала ықшам ауданында "Тұрсынбай ата" мешітінде орын алды. Аталған жиынға ҚМДБ-ның Жамбыл облысындағы өкілі, "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл, Тараз қаласы "Кеңесхан қажы" мешітінің бас имамы Ғазиз Ахмет, қала имамдары мен жамағат қатысты. 

Өкіл имам көпшілікке "Дінді жеңіл етіп жеткізу міндеті" тақырыбында көркем насихат айтты. Үгітті құлаққа ұрғандай тып-тыныш ұйып тыңдаған қауым көңіл толқытқан сауалдарын қойып, қаттырма қағаз бен қалың мұқабалы кітаптардан табыла бермейтін дәйекті мысалдар арқылы нақты жауаптар алды.

Күмбезі күн нұрына шағылысқан бағзы мешіт бүгінде жаңартылып жатқанын тілге тиек етпеске  болмас. Әбден тозығы жеткен ғибадат үйінде құрылыс жүріп жатыр. Өкіл имам шара алдында мешіт жанында салынып жатқан құрылыс нысандарымен танысып шыққан болатын. Асхана, дәретхана сынды нысандардың бой көтеруімен қатар, мешіт ғимаратының өзі де кеңейтіліп, халыққа қолайлы жағдай жасалмақ.

Мешітте тіпті су жүргізілмеген болатын. Имамдар мен жамағат бірлесіп құдық қазып, біраз жұмыс тындырғанын ескермей кетуге болмас.

Жиын соңында Қанат Әділханұлы шараны ұйымдастырған ақсақалдарға, жамағатқа,  Мақсат пен Жасұлан имамға алғыс білдірді.

Ақерке БЕКҚҰЛОВА,

"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (2)

Оқи отырыңыз: