Хатым – сөздікте бітіру, аяқтау деген мағынаны берсе де, фиқһтағы мағынасы бір кісінің Құран кәрімді бастан аяқ оқып шығуы деген сөз. Хатымның маңызы жайында көптеген хадис шәриф бар. «Құран кәрімді хатым еткен адамға алпыс мың періште истиғфар етеді» (Дәйләми). «Құран кәрімді хатым еткен адамның қабыл болған бір дұға ақысынан бөлек, жәннатта бір ағаш та беріледі» (Хатиб) дейді пайғамбар (с.ғ.с.) өсиетінде.
Міне, осы бір сауабы мол игі амал Жамбыл облысының өкілі, "Һибатулла Тарази" мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұлдың бастамасымен облыс бойынша ақшам мен құптан намаздарының арасында жүргізілді. Қала, аудан, ауылдық өңірлердегі жамағаттың Құран оқуға деген ынта-ықыласын арттыру, имамдар мен жамағаттың ауызбіршілігін нығайту мақсатында бір уақытта хатым ету қолға алынған болатын. Осыған орай, өңірдегі барлық үлкен мешіттерде хатым Құран оқылып, дұғасы жасалды.
Жамбыл облысының рухани жүрегі "Һибатулла Тарази" мешітінде бірден 2 рет Құран хатымы бағышталды. Өкіл имам, мешіт имамдары, қарилар, ұстаздар, медресе шәкірттері, жамағат бірлесе Алланың кәләмін оқыды.
Сонымен қатар Тараз шаһары бойынша 2 мешітте: "Кеңесхан қажы" және "Шейх Зуннун" құлшылық үйлерінде, аудан мешіттерінде өтсе, бүкіл облысты қосқанда 15 хатым түсірілді.
Айта кету керек, бұл іс-шара республика бойынша тұңғыш рет өтіп жатыр. Құранның 1 әріпі үшін 10 сауап жазылса, бұл кеште қашама сауаптар жазылды!
Құран кәрім хатым етілген жерге рахмет жауады. Хатымда жиналу және хатымнан кейін дұға ету мүстаһаб болып табылады. Осы амалды іске асырып, Құран оқылып біткен соң көпшілікпен хатым дұғасы жасалды. Алладан ел бірлігі, амандығын сұраған қауым бұл бастаманы жалғастыруға ниетті. Ол жайында: "Аталған шараны әр тоқсан сайын өткізіп тұру жоспарда бар" - дейді өкіл имам өз сөзінде.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.
Облыстық "Һибатулла Тарази" мешіті
Тараз қалалық "Кеңесхан қажы" мешіті
"Шейх Зуннун" мешіті
Байзақ ауданы
Жамбыл ауданы
Қордай ауданы
Меркі ауданы
Т.Рысқұлов ауданы
Сарысу ауданы
Талас ауданы
Шу ауданы. "Жәмиә мешіті