Жамбыл ауданының тұрғындары қасиетті рамазан айының қасиеттісі қадір түнін жамағатпен бірге қарсы алды. Сауабы мол түнді мешітте уағыз-насихат тыңдап, құлшылықта өткізу үшін аудан жұртшылығы мешіттерге ағылды.
Айта кету керек, бұл күн көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық науқанынан басталған болатын. "Бәйбідек" мешітінің имамдары 15 отбасыға азық-түлік үлестірді.
Күндізі мұқтаждарға көмек қолын созумен, түні құлшылықпен ерекшеленген ұлық түнде тарауық намазында Құран хатымы аяқталып, дұғасы жасалды. Намазды жүргізген қариларға сый-сыяпат жасалып, ақсақалдар батасын берді.
Түн бойы құран оқылып, уағыз айтылды. Сұрақ-жауап ойыны ойнатылып, үздік жауап берген азаматтарға діни кітаптар сыйлыққа берілді.
Еркін құлшылыққа уақыт беріліп, жамағат ықыласпен дұға жасасты.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА,
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі.