Меркі ауданы: Қош келдің, қасиетті Құран түскен «Қадір түні»

Меркі ауданы: Қош келдің, қасиетті Құран түскен «Қадір түні»

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Қадірменді мұсылман бауырлар! Он екі айдың сұлтаны болған қасиетті Рамазан айы келіп, мұсылман жерлестеріміз бес парыздың бірі болған ораза айында ораза ұстап, күндіз ішіп-жеуден тиылып, жаман әдет-қылықтан, өсек-ғайбат, әрі дене мүшелерін жамандықтан сақтап, өзіне жаман қылық көрсеткендерге «менің аузым ораза еді» деп артық сөз айтпай, Алла Тағаладан қорыққан түрде ғибадаттарын жалғастыруда.

Алла Тағаланың уәдесіне нық сенген пендесі біледі, ақыретте оразасының сауабын алатынын, бұл жайында Алла Тағаланың уәдесі бар. Жаратушы иеміз жаратқандарына қамқоры шексіз, мейірімді, рахымды, Алла пенделерінің осы дүниеде, ақыретте қиналғанын қаламайды. Пенделері баянды, бақытты өмір сүруі үшін, Жаратушы иесі кім екенін ескертуі үшін пайғамбарлар жіберіп отырған, ең соңғы пайғамбарымыз Мұхаммед с.а.с. бүкіл өмірін Ислам дінімен байланыстырып, Ислам дінінің құндылықтарын жеткізуде еш нәрседен қаймықпай, көркем түрде жеткізе білген.

Адамзат баласының жарық дүниедегі тіршілігінде жақсы мен жаманды ажыратып, дүниеге қандай мақсатпен келгені жайлы, жарық дүние мәңгілік емес екендігі, ақырет деген мәңгілік дүниенің бар екендігі, Алла разы болатын амалда болу керектігі баяндалған қасиетті Құран аяттары алғаш рет Пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.а.с.) Рамазан айының Қадір түнінде түсе бастаған. Қадір түні – адамзат баласы үшін ең қасиетті ерекше түн болып саналады. Барша әлем мұсылмандары бұл түнді қастерлеп, түн бойы күзетіп ғибадат-құлшылықта өткізеді.

Алла нәсіп еткен болса 31-ші мамыр кеші Қадір түні басталады. Адамзат баласының екі дүниеде бақытты болуына септігін тигізетін Қадір түнін қастерлеп, құлшылық-ғибадатпен өткізейік. Елді-мекендегі барлық мешіттерде Қадір түніне байланысты діни іс-шаралар өткізіледі. Аудандық орталық «Меркі ата» мешітінде ауқымды іс-шаралар өтеді. Мешіт асханасында 300 адамға арналған дастархан жайылып ауызашар беріледі. Құптан, тарауық намаздарында басталған Хатым Құран аяқталып, қарилар мен ақсақалды аталарымыз батасын береді. Ары қарай бағдарлама бойынша имам, найб имамдар уағыз-насихат жұмыстарын жүргізеді. Жасөспірім қыздар, ер балалар арасында Құран жарыс өтеді, діни сұрақ-жауап іс-шара өтеді. Жеңіпаздарға заттай бағалы сыйлықтар беріледі. Қадір түнінің қонақтарына асханада мерекелік дастархан жайылып сәресі беріледі. Жамағат болып таң намазын оқып тарқасады. Қадір түнінің ертеңіне жағдайы төмен отбасыларға көпбалалы аналарға үн, азық-түлік таратылады. 

Осындай мерекеге толы күнді жамағат болып бірге қарсы алайық!

 Аудандық «Меркі ата» мешіті

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: