1. Сөйлеуі мен күлуі
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) адамдармен сөйлесуі балдай тәтті, әрі әсерлі еді. Қаз дауысты еді, сөздерді анық айтатын, тіпті, тыңдаушылары сөздерін жаттап та алатын. Айтқандарын, көбінесе, үш рет қайталайтын, сөйлеп тұрған кезінде басын жоғары ұстайтын. Ешкімге жаман сөз айтпайтын және ешкімнің сөзін бөлмейтін. Мылжың сөз бен құрғақ сөзге әсте жоқ еді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алғашқы жұбайы Хазіреті Хадиша (радиаллаһу анһә) анамыздың бірінші күйеуінен Хинд деген бір ұлы бар еді. Хинд (радиаллаһу анһу) сөзге мықты, шешен еді.
Хазіреті Хасан (радиаллаһу анһу) бір күні Хиндтен (радиаллаһу анһу): «Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сөйлеу мәнері қандай еді?» - деп сұраған еді. Ол: «Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) (Алланың ұлылығы және адамзат ішінде болған ахуал турасында) өте терең ойланып, үнсіз отыратын. Қажетсіз жерде сөйлемейтін» - деген.
Сөйлегенде әр сөзді түсінікті, әрі айқын айтатын. Әлденені нұсқағанда, қолын толық көтеретін. Бір нәрсеге таң қалғанда қолын бүгіп қалатын. Кейде бір нәрсені айтып жатқанда екі алақанын бір-біріне соғатын. Әзілдеген кезде алдына тіке қарап, кірпігін төмен түсіретін. Сирек күлетін, көбінесе күлімсірейтін» - деп жауап берді.
Кейбір риуаяттарға (нақыл сөздер) қарағанда Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ешқашан қарқылдап күлмеген. Пайғамбарымыз ашулы кезінде де, жайбарақат кезінде де әрқашан хақты (шындықты) айтатын. Жақсы сөйлейтін және сөзі шашырап жатқандарға ілтипат көрсетпейтін. Айтпақ ойын және түсіндіретін кейбір мәселелерді астарлап айтатын. Ол үнсіз қалғанда ғана сахабалары сөз алатын.
2. Отыру әдебі
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) тізе бүгіп отырудан басқа молдас құрып, «құрфуса» және «ихтиба» әдісі бойынша отыратын. «Құрфуса» дегеніміз - құйрықты жерге қойып, тізелерді көтеріп қарынға түйістіргеннен кейін екі аяқты қолмен құшақтап отыру түрі. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) көбінесе осылай отыруды жөн көретін. «Ихтиба» - киімді желбегей жамылып, белдік, бөтес сияқты нәрселермен арқа мен тізені орап, жиналып отыру түрі. Бұл отыру құрфусаға ұқсайды.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) отырған кезінде шапанымен аяқтарын, тізелерін жауып, қолымен үсті-басын түзеп қоятын. Негізінде, Ол осы үш түрде отыратын. Жерді тарылтып, біреуге қиындық келтірмеу үшін көсіліп отырмайтын. Негізінде құбылаға қарап отыратын. Жанына келіп отырған қонақтарға арқасындағы тонын төсеп беретін. Кейде қонақтарына өз көпшігін де беретін. Қолдарын артына сүйеп, шалқайып отырмайтын, осылай отырмауларын сахабаларына да ескертетін.
3. Жолда жүруі
Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жолда жүргенде жан-жағына қарамай, өрден түсіп келе жатқандай жеңіл әрі шапшаң жүретін. Жүргенде қадамын қысқа басатын, бірақ жылдам жүретін. Жерді аяғының ұшымен емес толық басатын. Қадамын нық басып, денесін мықты ұстайтын. Жүргенде дене мүшелері тең қозғалатын. Жылдам жүретін. Сондықтан жанында жүргендердің көбі қалып қоятын немесе зорға ілесіп, қатар жүретін. Жолда жан-жағына қарамай жүретін. Бір нәрсеге немесе бір жаққа қарау керек болса, бүкіл денесімен бұрылатын.
4. Тамақ жеу әдебі
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) зүһдке (дүниеге қызықпаушылық) толы өмір сүрген- діктен, тапқанын ішіп-жейтін және көпшілікпен бірге тамақтануға құмар еді. Тамақ келгенде жерге тізерлей отырып, «бисмиллә» айтып жейтін.«Мен құлмын, сондықтан құл секілді ішіп-жеймін» - дейтін.
Тамақты ыстықтай жемейтін, ондай ыстық тамақта береке болмайтынын айтып отыратын. «Ыстық тамақта береке жоқ. Алла Тағала бізге от жегізбейді. Сондықтан тамақты суытып ішіңдер», - дейтін. Тамақты үш саусақпен, кейде төртінші саусағын да пайдаланып, әрқашан өзінің алдынан жейтін. Екі саусақпен де жеуді ұнататын, Тамақ кезінде, кейде пышақты да қолданатын. Бір күні Хазіреті Осман (радиаллаһу анһу) Пай- ғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) «палузе» деген тамақ әкелді. Пайғамбарымыз жеп болған соң: «Бұл қандай тамақ және қалай жасалады?» - деп сұрайды.
Хазіреті Осман (радиаллаһу анһу): «Ата-анам сенің жолыңда құрбан болсын, ей, Расулұллаһ! Май мен балды табаға салып, отта ерітеміз. Сосын бидай ұнын табаға саламыз. Бұдан кейін қатайғанша араластырамыз. Сосын, міне, көріп отыр- ғаныңыздай, халуа шығады», - деп жауап береді. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Шынымен, әдемі тамақ екен!» - дейді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) еленбеген арпа ұнынан жасалған нанды жейтін. Қиярды жаңа піскен құрмамен және тұзбен жегенді жақсы көретін. Жеміс-жидектерден ең жақсы көретіні кептірілмеген құрма, қауын, қарбыз және жүзім еді. Кейде жаңа піскен құрма жейтін. Қарбызды шекермен, нанмен жейтін. Қауын-қарбызды екі қолымен жейтін. Құрманы оң қолымен жеп, сол қолына сүйектерін жинайтын.
Жүзімді кейде бауымен аузына апарып жеген кезі де болған. Тамағы көбінесе құрма мен судан тұратын. Құрманы сүтпен бірге жеген кезінде: «Ең жақсы тағам!» - дейтін. Ет пен етті тамақтарды жақсы көретін. «Тирит» де- ген тамақты асқабақпен жейтін. Асқабақты да жақсы көретін және асқабақ жайлы былай дейтін: «Ол – бауырым Юнустың көкөнісі».
Ауланған құс етін жейтін, бірақ өзі ауламайтын. Ет жегенде басын төмен қарай имей, етті аузына жақындатып, тістеп жейтін. Қойдың аяқ, сан еттерін ұнататын. Бақырда піскен асқабақты, сіркеге (жүзімнің суы, уксус сияқты) туралған нанды және әжуә құрмасын жақсы көретін. Тамақтың жұғынын саусақтарымен жалап жейтін де: «Тамақтың соңы берекелі”, - дейтін.
Саусақтарын жалап тазаламастан бұрын қолын майлықпен сүртпейтін. Тамақтың соңында игілік берген Аллаһ Тағалаға шүкірлік етіп, қолдарын жуатын. Су ішерде үш реттен ішкенге зер салатын. Әр- қайсысын бисмилләмен бастап, хамд (мадақ) айтып шүкірлікпен бітіретін.
Көпшілік арасында су немесе сүт ішкеннен кейін ыдысты оң жағындағы адамға беріп, оның одан әрі жалғасуын өтініп, сол жерде болған әр адамның ауыз тиюін қалайтын. Ішкен ыдысына үрлемейтін және ішіне демін шығармайтын. Ыдысты алыстатқаннан кейін ғана дем алып немесе дем шығаратын.
Үй ішінде жас қыздың ұялшақтығынан да аса ыңғайсызданып жүретін. Тамақты тек дастархан жайылғанда ғана отырып ішіп-жейтін. Ол тағамын өзі дайындаған кездері де болатын.
Өте тойып жемейтін және мұсылмандардың тамақты көп жеуін ұнатпайтын. Бұл жайында былай дейді: «Адам баласы өз қарнынан басқа жаман бір ыды- сты толтырмаған. Адамзатқа белін тіктей ұстап жүре алуға жететін бірнеше жұтым да жетеді. Егер адам баласы нәпсісін тыя алмайтын болса, қарнының үштен бірін тамаққа, үштен бірін сусын-суға, ал, қалған үштен бірін дем алуға бөлсін».
5. Киген киім-кешектері
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) киім кию мәдениетінде үнемі белгілі бір үлгіні ұстанбаған. Изар, рида көйлек және шапанның қай түрін болса да не тапса, кие берген. Қарапайым киінуді жақсы көретін, жасыл түсті киімдерді ұнататын, бірақ, көбінесе ақ түсті киім киетін еді. Хабешистан патшасы Нәжашидің жіберген шұлықтарын Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қолданған (киген).
Кейде қолдан тігілген кестелі шапан да киетін. Киімдерін тобығынан төмен түсірмейтін. Ал, изар көйлегі тобығынан едәуір жоғары тұратын. Сәлдесінің желпіншегі иықтарының арасынан таудан ағып жатқан өзендей төгіліп тұратын еді. Қызыл қоңырға (шафран) боялған жамылғысы бар болатын, кейде осыны ғана жамылыл алып, намаз оқитын. Кейбір риуаяттар бойынша Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) кейде үстінде қызыл түсті жолағы бар «һулле-и һамра» деген Йемен матасынан тігілген киімді, көбінесе ешкі жүнінен тоқылған киімдерді киетін еді.
Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қайтыс болғаннан кейін, Хазіреті Айша (радиаллаһу анһә) Оның соңғы демін алар шағында киген киімдерін халыққа көрсеткен. Көрсеткен киімдері мыналар; жамалған жамылғы мен қолдан тоқылған шапан түріндегі киім еді.Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) киімнің денеге пайдалысын әрі жеңіл түрін жөн көретін. Киімді мақтан үшін кимеу керектігін айтатын. Осы себепті өте сәнді киім кимейтін және ондайды киюге тиым салатын. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) аяқ киімі сиырдың иленген терісінен жасалған сандал түрлес болатын. Бауларын байлағанда, аяғын ұстап тұратын.
6. Жақсы көрген түстері мен иіс сулары
Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ақ, жасыл түсті ұнататын және ең жақсы түс ақ екендігін айтатын. Қызыл түсті ұнатпайтын. Бір күні Абдуллаһ бин Омар (радиаллаһу анһу) қызыл түсті киім киіп, Пайғамбарымызға (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) барған болатын. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) үстіндегі киімін ұнатпағандығын сездірісімен, Абдуллаһ (радиаллаһу анһу) үйіне барып, сол киімін өртеп жіберген еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бұл істен құлағдар болысымен, Абдуллаһ бин Омарға (радиаллаһу анһу):
- Сол киіміңді босқа өртегенсің. Оданда бір әйелге бере салу керек еді, - дейді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әдемі иістерді ұнататын. Себебі, әдемі иіс Пайғамбарымыздың бұл дүниеде жақсы көрген үшнәрсесінің бірі еді. Арабтарда «Сүкк» деп аталатын иіс қолданылатын. Ардақты сахабалар (радиаллаһу анһум) Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өткенде артында хош иіс қалдыратынын айтатын. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) қолданған миск пен анбері жұпар иісті әрі хош иісті еді.
7. Төсегі мен тынығу мәдениеті
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу алейһи уәсалләм) төсегі кейде ішіне құрма жапырақтары толтырылған теріден болатын. Кейде екі бүктелген жамылғыш пен мата, алаша, кейде қарапайым бір төсек болатын. Құрғақ топыраққа жатқан кезі де болған. Жастығының тысы тері, іші құрма талшықтарына толы болатын. Хазіреті Хафса (радиаллаһу анһә) айтады: «Бір рет Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жақсы жатуы үшін матаны төрт бүктеп салып бердім, бірақ Ол оның жайлылығы үшін жасаған ісіме (жай бір жұмысқа көп мән бердің дегендей) реніш білдірді.
Ал, басқа бір риуаятта Хазіреті Айша (радиаллаһу анһә) былай дейді: «Бір күні ансар ханымдарының біреуі маған келді. Алла Расулінің (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) іші құрма талшықтарына толы төсегін көріп, біршама уақыттан кейін іші жүнге толы төсек жіберді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оны көрген соң: «Бұл не?» - деп сұрады. Ал, мен: «Уа, Расулұллаһ! Ансардан пәленше деген әйел келді, ол сенің төсегіңді көрген соң, мынаны беріп жіберді», - дедім. Сол кезде Аллаһ Расулі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) былай деді: «Ей, Айша! Мынаны қайтарып бер. Егер мен қалап сұрасам, Алла Тағала күміс пен алтын тауларын менің тілегіме берер еді».
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бүкіл Арабияға үстем болып билеп тұрған кезінде үйінде кішкентай бір ағаш төсек пен су құятын торсығынан басқа ешнәрсесі жоқ еді. Ұйықтайтын кезде әрқашан оң жағымен жатып, оң қолын оң жақ бетінің астына қойып жататын. Сапарда болған кезінде де осылай істейтін. Етбетінен жатқанды ұнатпайтын және сахабаларына да осылай жасауға тыйым салған. «Бұл жатыс түрі - Алла Тағаланың жақсы көрмейтін түрі», - дейтін.
8. Тазалыққа маңыз беруі
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ең көп мән берген жайларының бірі - тазалық. Бір күні үсті-басы лас, кір бір адамды көріп: «Үсті-басыңды жумайсың ба?» - деп ұрысқан. Бір күні бір адам Оның алдына алқам-салқам киіммен барыпты. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләй-һи уә сәлләм) одан: «Күн көру үшін ешқандай амалың жоқ па?» - деп сұрағанда, ол: «Бар!» - деп жауап қайтарған соң: «Алланың нығметтеріне қол жеткізіпсің, олай болса, үстіңнен нығметтің әсері көрінсін», - деп бұйырған.
Қараңғылықтың әдеттерін қоя алмаған кейбір адамдар жерге түкіріп, тіпті, мешіттерде құлшылық ету кезінде де осы жаман қылықтарын жасайтын. Тазалыққа ешқандай мән бермей, көшелерді, жолдарды, тіпті, саялы, көлеңкелі ағаштың астын да ластап, дәретті бұзатын еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) осындай жаман қылықтардан қатты жиіркенетін еді. Бір күні осындай қылықты байқап қалып, қатты ашуланып, киелі жүзі қып-қызыл болып кеткен еді.
Оның ашуланғанын байқаған ансарлық бір әйел айналаны тазалап, Расулұллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ризалығын алған еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) шалғаш, пияз, сарымсақ және жуа секілді жаман иісті тағамдардың иісін жақтырмайтын. Осы сияқты нәрселерді жеген кісілердің мешітке кірмеулерін және көпшілікпен араласпауын сұрайтын еді.
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мәжілістерінде (жиналыстарында) хош иісті шөптер түтетіліп, осылайша жамағаттың жақсы дем алуына көңіл бөлінетін еді. Жұма күні мешітке әдемі иістің себілуін бұйыратын еді. Жаздың ыстық бір күні жұмысшылар мешітке жұмыс киімдерімен келген еді. Мешіт кішкентай болғандықтан ішінде жаман иіс мүңкіп кеткен еді.
Осыған байланысты Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм): «Жуынып келсеңіздер жақсы болар еді», - дейді. Осыдан кейін жұма күндері жуынып тазалану сүннет болған еді. Сапарда болсын, өз елінде болсын тарақ, айна, мисуак (тіс тазалағыш ағаш), раушан майы, әтір, қайшы, сүрме секілді тазалық пен дәретхана жабдықтарын жанынан тастамайтын еді. Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мешітін айнадай етіп тазалап ұстайтын еді.
9. Күнделікті шаруасы мен іс-әрекеттері
Имам Тирмизи «Шәмайл» деген жазбасында Хазіреті Әлиден (радиаллаһу анһу) қалған нақыл бойынша Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) күнделікті уақытын үш мезгілге бөлгендігін айтады. Бұл уақыттардың бірі құлшылыққа, екіншісі халықтың ісіне, ал, үшіншісі өз қажетіне бөлінеді екен.
Хазіреті Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) түн ортасында немесе түн ортасы ауған шақта тұрып, жастығының жанына қойған мисуакпен тісін ысқылайды екен, сосын дәрет алып, тахажжүд намазын оқып, біраз уақыт ғибадат істерімен айналысқан. Бұдан кейін таң намазын оқу үшін мешітке баратын болған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) таң намазынан кейін жайнамазының үстіне жатып, күн шыққанша тынығып алып, сосын келгендерді қабылдай бастайтын.
Жан-жақтан келген адамдар Оның қасына жиналатын. Ал, Ол оларға уағыз бен насихат айтатын. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) зиярат етушілердің көрген түстеріне дейін тыңдап, осылайша олардың әр түрлі діни және күнделікті тіршіліктерімен айналысатын еді. Кейбір риуаяттар бойынша Расулұллаһтың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дұха уақытында төрт рәкағат немесе сегіз рәкағат намаз оқып, үйіне барып, үй шаруаларымен айналысып, киімдерін жамап, аяқ-киімдерін жөндеп, малдарын сауатын. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) екінті намазынан кейін әйелдеріне жеке-жеке кіріп, қал-жағдайларын сұрайтын, ал түнде әйелдерінің бірінің қасында өткізетін.
Басқа әйелдері түнді бірге өткізетін әйелінің қасында жиналып, құптан намазына дейін сол жерде болатын. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құптан намазын оқып болған соң үйіне оралатын, ал әйелдері бөлмелеріне тарап тынығатын еді. Құптан намазынан кейін бөлмесінде Құраннан Исра, Зүмәр, Хадид, Тағабұн және Жұма сүрелерінің бірін оқитын. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) әр намаз үшін бөлек дәрет алуға тырысатын. Кейде бір дәретпен бірнеше намазын оқыған кезі де болған. Мысалы, Меккені алған кезде бір дәретпен бірнеше намазын оқыған еді. Хазіреті Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүннет пен нәпіл намаздарын көбіне үйінде оқитын, ал парыз болған намаздарды мешітте ұзақ сүрелермен оқитын еді.
10. Мәжілістері (жиналыстары)
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) мәжілістері сарайдағыдай қызметшілерге не жұмысшыларға толы емес еді. Тіпті үйінің есігі де жоқ болатын. Бірақ Оның пайғамбарлық айбаттылығы мен салмақтылығы әркімге ерекше әсер ететін де, барлығы әдептілік сақтап отыратын. Оны көрген адамның жүрегі толқып қоя беретін. Сахабалардың Пайғамбарымыздың құзырында үндемей тыныш отырғанын көргендер олардың бастарына қонған құсты үркітіп алмау үшін осылай отырғандарын ойлап қалатын.
Мәжілісінде өзіне арналған белгілі орны болмайтын. Өзгелерге де мәжілісте белгілі бір жерді тұрақты орын етіп алуларына тыйым салған еді. Өзі мәжіліске барғанда, дереу топтың соңына отыра салатын. Сөйлеген кезінде ешкімді айыптап сынамайтын және ешкімді де мақтап, төбесін көкке жеткізбейтін. Сауапқа жеткізбейтін сөз айтпайтын және айтқан сөздерімен өзгелердің ішін пыстырмайтын.
Пайғамбарымыздың (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырында сөз сөйлегісі келген адам ата тегіне, дәулетіне, не үстемдігіне қарай емес, білімі мен қасиеттеріне қарай бағаланатын. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) алдымен кедей-кепшіктерді тыңдап, оларды керек-жарақтарымен қамтамасыз ететін. Құзырында отыр- ғандар бастарын төмен иіп отыратын. Өзі де барынша ашық-жарқын отыратын. Сөз айта бастағанында барлығы да құлақ аса қалатын. Мәжілісте біреу сөз сөйлеп жатқанда, Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оның сөзін бөлмейтін. Егер айтылған сөзге риза болмаса, естімегендей болып отыра беретін. Бір мәселе жайында сөз қозғалған кезде, өзі де ой-пікірлерін ортаға салатын. Сөз кезінде бір әзіл айтылса, мәз болып, қарымта қайтаратын еді. Мәжілістегі әр адамға жеке-жеке көңіл бөліп, барлығына сұхбаттан бұйырғанын беретін. Мәжілісі ақ көңілділік пен тыныштық мәжілісі болатын.
Бұл мәжілістердің мақсаты тәрбие мен туралықты көрсету мәжілістері еді. Мәжіліске қатысқан әрбір адамның қал-ахуалын сұрағанда, олардың мұқтаждарын да білуді қалайтын. Кейбір кісілерді аса құрметпен, әрі сүйіспен- шілігінен орнынан тұрып қарсы алатын еді. Бірак, өзі үшін өзгелердің орындарынан тұруларын қаламайтын, Хазіреті Фатима (радиаллаһу анһә) келгенде Пай- ғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) орнынан тұрып, маңдайынан сүйетін еді.
Сүт анасы мен бауырларын да орнынан тұрып қарсы алтын. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құзырында әдемі сөз сөйлегендерді жақсы көретін. Мәжілісінде шырайлы әзілдер айтылып, барша жамағат көңілденіп қалатын.
11. Шешендігі мен ділмарлығы
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) Араб тайпаларының ішіндегі сөзге ең шебері Құрайышта туылып, Хауазин тайпасына қарасты Сағдұлдарында өскен еді. «Сөз майын ағызатындарың - менмін», - дейтін. Жәннаттықтар да Оның осы әдемі тілі мен диалектісі бойынша сөйлейтін болады. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құтпасында ашық, әрі жүйелі түрде сөйлейтін. Құтпа кезінде қолында кейде садақ, кейде асатаяқ болатын. Осыларға таянып, құтпа оқитын. Мешітте сөйлеген кезінде асатаяққа, ал соғыс алаңында садаққа таянып тұратын еді.
Жұма мен айт құтбаларын белгіленген уақытта, ал басқаларын қолайлы кезеңдерде оқитын. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) құтбаларды қағазға қарамай, суырып салма түрінде оқитын. Құтбада көбіне хабарлы сөйлем қолданатын еді. Сөз қадірін асырғысы келгенде, сұрақ-жауап түрінде әңгіме қозғайтын. Құтбасының әсерлі жерлерінде барлық денесі дірілдеп кететін кездері де болған. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дінге шақырушы, оны уағыздаушы пайғамбар ғана емес, бағындырушы, әскер басы, сот және мемлекет басшысы да еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дінге шақырғанда оның сөздерінен дінге деген мақтаныш пен шаттану тебіренісі көзге ұрып тұратын еді.
Оның айтқан сөздері тыңдармандарын мұғжизалық (пайғамбарларға тән керемет) әсерде қалдыратын және тас жүректілердің өзін жібітетін еді. Тебіреніп тұрып айтқан сөздері қобалжыған сезімдерді басып тастайтын және бір-бірімен әлмисақтан жауласып келе жатқандардың жүректеріне мейірім ұялататын. Әус және Хазреж тайпалары арасындағы жеті аталарынан бері бітпей келе жатқан текетірес пен бәсекелестіктің шешілуіне Оның мұғжизалық ара- ша түсуі нүкте қойды. Мұсталық соғысынан қайтарда мұнафиқтар ансар мен мұхажирлердің араларына жік салуды көздеген еді. Бірақ Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) дер кезінде келіп, екі жақтың да өкпе-ашуларын басқан еді.
12. Жорық кезіндегі іс-амалдары
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жиһад пен ұмра (қажылық уақытынан басқа кезде Қағба мен Меккенің өзге де қасиетті, киелі жерлеріне зиярат қылып бару) үшін сапарға шығарында өзімен бірге қай әйелінің жүретінін жеребе тастау арқылы шешетін еді. Хазіреті Пайғамбар (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) жолға кебіне бейсенбі күні таңертең ерте шыққанды жөн көретін.
Жануарларына мінерде «Бисмилләһ» деп, отырған соң үш рет тәкбір айтып, шүкіршілік ететін. Жолда биік төбелерге шыққан сайын тәкбір (Алланы ұлықтау – «Аллаһу Әкбар» деп айту) айтатын, ал, төмен түскен сайын тәсбих (Алланы бүкіл кемшіліктерден пәктеу – «сүбханаллаһ» - деп айту) тартатын еді. Ең ауыр саяхаттарының өзінде әрдайым Алланы аузынан тастамай, атының үстінде жүзі Құблада ма, әлде басқа жақта ма, оған қарамай, нәпіл намазын оқи беретін еді. Өйткені, Құранда: «Қай жаққа қарай жүрсеңдер де жүздерің Аллаға қарай бағышталған», - делінген. Сапардан оралған соң алдымен мешітке барып, екі рәкағат намазын оқып, содан кейін үйіне барып, үй- ішімен көрісетін еді.
13. Кездесулері мен зияраттары
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) өзімен кездесуге (ақылдасуға) келген зияратшы- ларды қабылдағанда амандасу үшін алдымен өзі қол созатын, ал қол алысып тұрғанда қолын бірінші болып тартып алмайтын. Біреу құлағына бір нәрсе айтқысы келсе, сөзін бітірмей, жүзін оған бұрмайтын. Зияратқа келген қонақтары алдымен сәлем беріп, рұқсат сұрайды, сосын барып құзырына кіреді. Пайғамбарымыздың өзі де біреуге зиярат етуге барса, есіктің оң, не сол қанатына тұрып, «Ассаламу алейкум» деп, ішке кіру үшін рұқсат сұрайды, рұқсат етілсе кіреді, естілмесе кері қайтатын еді.
Сахабаларының бірімен кездесіп қалған кезде онымен қол айқастырып амандасып, оның қолын қатты қысатын. Бір күні жолда мұнафиқтар мен мұсылмандардың бірге отырғандарын көріп, барлығымен сәлемдескен еді. Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ауру адамдардың көңілін сұрауға қатты көңіл бөліп, ондай адамдарды зиярат ету мұсылмандардың міндеті екендігін үнемі айтатын.
Науқас адамның көңілін сұрап барғанда, оны өмірге үміттендіріп, тамыр соғысын қолымен ұстап көріп, киелі қолын маңдайына басатын еді. Ем қонуы үшін Алла Тағалаға дұға қылып, ауру адамға «иншаллаһ айығып кетесің» - дейтін. Егер біреу көңілге тиер сөз айтатын болса, оған қатты ренжитін. Науқас адамдардың өлім жайындағы ойларын сейілтіп көңілдерін көтеретін.
14. Жалпы игі істері
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) оң қолымен жұмыс істегенді жақсы көретін. Аяқ киімін киерде алдымен оң аяғын киетін еді. Мешіттің табалдырығын оң аяғымен аттайтын және бір нәрсе тарататын болса алдымен оң жағындағылардан бастайтын. Бір істі бастарда «бисмилләһ» деуді ұмытпайтын. Киімді де оң жағынан киіп, сол жағынан шешетін.
Хазіреті Әнәс (радиаллаһу анһу) айтады: «Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) бір күні үйіме келіп, су сұрады. Ал мен сүт бердім. Ішті. Оның сол жағында Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһу), алдында Хазіреті Омар (радиаллаһу анһу), ал оң жағында бір бәдәуи (ауылдық араб) отырған еді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сүтті ішіп болған соң, Хазіреті Омар (радиаллаһу анһу), ыдысты Хазіреті Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһу) берейін дегенде Расулұллаһ (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) ыдысты оң жағында отырған бәдәуиге беруін өтінді».
Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм) сахабаларын, және баласы бар әйелдерді күниелерімен шақыратын еді. Баласы жоқ әйелдер мен балаларға да күние тауып барып шақыратын еді. Осылайша, барша жұрттың көңілін көтеріп жүретін».