Әдеп дәрісі

Әдеп дәрісі

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Үйге қонақ келе қалса, алдына не қоямын дегенді ойлайтын қазақтың ұрпағымыз. Бар болып тұрса, жақсы, ал тіске басар мардымды нәрсе аздау болып қалса жерге кірердей ұялатынымыз бар. Кешегі жыр бұлағы Жиенбай жыраудың аяулы жары үйіне бір топ қонақ келгенде: «Үш жүзге мәлім Жиенбай ұяттан өлгенше астындағы жалғыз аты өлсін» деп ер тоқымын аударып тастап, қазанға ет қылып салғаны осы ұяттың бір үлгісі. Бұл, әрине, біздің қазақтың ешкімге ұқсамайтын дара қасиеттерінің бірі. Мақтанарлық жағдай. Енді осыған қоса, әр қонақ несібесімен келетінін және асқа береке дарыса, көбейетінін де білген жөн.

Егер де үйіңізге бірнеше қонақ келіп, алдына қоятын асыңыз тым аздау болып тұрса саспаңыз. Алдымен қабағыңызды беріп, пейіліңізді танытып, барыңызды алдарына әкеліп қойыңыз. Сол кезде кішкентай астың көп кісіге қалай жеткенін көзіңіз көреді. Бұған дәлел болатын сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) бір хадисі бар.: Әзрет Әбу  Һурайрадан (р.а.) жеткен хадисте Алланың  елшісі (с.ғ.с.) былай деген:  «Екі  (адамның)  тамағы  үшеуге  жетеді,  үшеудің  тамағы төртеуге жетеді» (Сахих Мүслим). Тағы бір жерде сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.): «Бір  (адамның)  тамағы  екеуге  жетеді,  екеудің тамағы төртеуге жетеді, ал төртеудің тамағы сегізге жетеді», – деп айтқаны да бар (Бұл да сонда).

Бұл хадистің нағыз ақиқат екеніне көзіміз талай жетіп жүр. Сондықтан қазақтың «Қырманыңды дөңге сал, мейіліңді кеңге сал» деген нақылын еске алып, қанша көп қонақ келсе де, жарқын жүзбен қарсы алайық, ағайын!

Асылбек Әуезханұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: