Неткен ұмытшақ үмбет едік!

Неткен ұмытшақ үмбет едік!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін біз ардақты Мұхаммед Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) қалдырған өсиеттерін орындамайтын болдық. Үйреніп, білуге де талпынбаймыз. Оның (с.ғ.с.) өз үмбетіне деген терең сүйіспеншілігін ұмыта бастадық.

Сүйікті Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) үмбетіне, маған және сіздерге деген ыстық ықыласын расында да, ұмытқанымыз ба? Біз үшін шеккен қайғы-мұңы мен уайымдарын ше? Көрген қиыншылықтары, тәніне түскен жаралар, жанына батқан ауыр сөздер, шынында да, ұмыт болғаны ма? Осы үмбет үшін қаншама рет жанарынан жас ағызды.

Бүгін біз Оның (с.ғ.с.) өсиеттерін естен шығардық. Білгендерімізге жеңіл қарай бастадық. Ал енді ойланайықшы. Алла елшісі (с.ғ.с.) өз үмбетін естен шығарған ба еді? Біздің тағдырымызға жеңіл қараған ба еді? Жоқ! Ол ешқашан үмбетін естен шығарған емес. Дүниеден өтер шағында да Жәбірейіл періштеге: «Үмбетімнің жағдайы не болмақ?» деген уайымға толы сұрағын қойған. Ал біз ше? Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) ұмытпақ түгіл, дұрыстап танымайтын да болдық.

Біз қазір күндеріміз бен түндерімізді әйел, бала-шағамызбен бірге ешбір қамсыз өткіземіз. Ал Ол (с.ғ.с.) болса, түндері мен күндерін бізді ойлап, жылап өткізген. Маңдайын сәждеге қойып, біздерді ойлап жылаған. Басын көтергенде, мөлдіреген жастары күмістей сақалын жуып жататын. Түні бойы: «Уа, Алла! Менің үмбетімді кешіре гөрші! Оларды азабыңа салмашы! Уа, Алла Тағалам! Сен Кешірімдісің! Сен мейірімдісің!» деп ағыл-тегіл жылап шығатын.

Иә, оның жүрегінде ең маңызды орын үмбетіне, сіздер мен біздерге бөлінген еді. Үмбетінің қиналғанын қаламайтын. Алақандарын жайып: «Уа, Алла! Үмбетім! Үмбетім!» дейтін де, тағы жылайтын. Сондай кездердің бірінде Алла Тағаланың мейірімі түсіп: «Уа, Мұхаммед! Біз Сені үмбетің тұрғысынан риза етеміз» деп пәрмен етті.

Өміріндегі ең соңғы қажылыққа барған кезін еске алайық. Онда да: «Уа, Алла! Менің үмбетімнің күнәларын кешіре гөр!» деп жалына жалбарынады. Сонда Алла Тағаладан: «Пенденің өзара ақысына қатысы болмаса, үмбетіңді кешірейін!»  деген жауап келді. Онда да қамкөңіл Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) дұға жасауын тоқтатқан жоқ: «Алла Тағалам! Адам ақысына қатысты болса да, оларды кешірші! Сен аса мейірімдісің! Қиянат жасағанға да, қиянатқа ұшырғанға да кеңшілік етші! Оларға мәңгілік бақыт сыйлай гөрші!» деп тағы жалынды.

Ол аз десеңіз, Бәдірдің қырғын шайқасында жүрсе де, үмбетін естен шығарған жоқ. Бұл шайқаста мұсылмандардың саны аз, қарулары да шамалы. Қолдарына тигені шоқпар мен сынық найзалар еді. Өздері жалаң аяқ, қарындары болса аш! Ал жаудың әскері соғысқа сақадай сай еді. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы да уайым жеп: «Уа, Алла Тағалам! Бүгін менің үмбетіме не болады? Уа, Алла! Олар жалаң аяқ. Аяқтарын бекем ете гөрші! Олар – аш. Тойдыра гөр!» деп дұға етті. Мүбарак көздері жасаурап тұрып: «Уа, Алла Тағалам! Осы бір ат төбеліндей аз ғана мұсылмандар бүгін қырғынға ұшырап жойылса, жер бетінде Саған құлшылық етер ешкім қалмайды» деп шынайы мінәжатын жалғай берді. Сол кезде Оның жан досы Әбу Бәкір (р.а.) келіп, иығына қолын қойып тұрып: «Уа, Алланың елшісі! Қойыңыз, жетер! Бүгін сіз өте көп жыладыңыз. Сіз бүгін Аллаға жетерліктей жас төктіңіз. Алла дұғаңызды қабыл етер! Тілегіңізді орындайды! Жалынамын, тоқтаңызшы!» деген сөздерді айтты.

Көрдіңіз бе, неткен мейірім! Үмбетіне деген неткен махаббат! Ол бізді ешқашан ұмытқан емес. Ал біз ше? Сондай ардақты да, асыл жанды қалайша тез ұмыттық? Ұмытпақ түгіл, танымайтын да болдық. Не деген ғапыл үмбет болдық! Неткен ұмытшақпыз!

Асылбек Әуезханұлы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: